Ағылшын тіліндегі оқулықтарда ұлттық ұғымға жат идеология кездеседі - Мәжіліс

Автор: Azattyq Rýhy

Депутат вице-министр Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады

көрнекі сурет

Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова 1-5 сыныптарға арналған ағылшын тіліндегі оқулықтардың мазмұнына қатысты бірқатар мәселе көтеріп, вице-министр Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, ағылшын тіліндегі оқулықтарда қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шетелдің идеологиясын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады.

«Бүлдіршіндерге арналған кез келген оқулық ұлттық идеология тұрғысынан жасақталуы керек. Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленницаны енгізіпті. Мұны әрине, қазақстандық мерекелер деп көрсетсе түсінуге болады. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мерекелер неге жүр?», - деді депутат.

Мақпал Тәжмағамбетова бұл оқулықтарға ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан оң сараптама берілгенін атап өтіп, ағылшын тіліндегі оқулықтарын қайта сараптап, жіберілген қателіктерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді сұрады. Сондай-ақ сараптамалық комиссия құрамына тек ағылшын тілі мұғалімдерін емес, балалар психологынан бастап, суретші педагог, этнограф, қазақ тілі мамандары, әдебиетшілер тағы да басқа мамандарды енгізу керектігін айтты.

Еске сала кетейік,  Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова ағылшын тілін бастауыш сынып бағдарламасынан алып тастау жоспарланып отырғанын айтты