Ұлттық қордағы қаражатты оңды-солды жұмсауға болмайды - Мәжіліс
Мәжіліс төрағасы республикалық бюджетке түскен қосымша түсімнің аздығын айтты
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов ел экономикасын дамытуда салық базасын өсіру маңызды міндеттің бірі екендігін атап өтті. Бұл бірінші кезекте республикалық бюджеттің қазынасын толтыруға сеп болмақ. Республика қазынасына қатысты мәселесі Мәжілістің кезекті отырысында талқыланды.
«2019 жылы республикалық бюджетке түскен кірістің көлемі 1,3 трлн теңгені құрады. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,5 трлн теңгеге жетеді деп болжам жасалды. Өкінішке қарай, пандемияның салдарынан ішкі сауда 13 пайызға, біздегі мұнайдың бағасы 33 пайызға түсіп кетті. Тиісінше, біз қосымша түсімнің жоспарын 470 млрд теңгеге дейін төмендеттік», - деді бірінші вице-премьер.
Белгілі болғандай, былтырғы республикалық бюджеттің 44 пайызы транферттік қаражат екен.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин коронадағдарыс тығырығынан шығудың бірден бір жолы Ұлттық қор болғандығын атап өтіп, Үкіметтегілерге трансферттік тәуелділікті азайу керегін ескерді.
«Егер бюджеттің кіріс бөлігін дұрыс жоспарлағанда, Ұлттық қордың кепілдендірілген трансферттік сомасын аз көлемде тартуға болатын еді. Есеп комитетінің дерегіне сүйенсек, 1,5 трлн теңгенің орнына республикалық бюджетке түскен қосымша түсімнің сомасы бар болғаны 221 млрд теңге. Иә, пандемияның, карантиндік шектеулердің экономикаға әсер еткені сөзсіз. Бірақ шағын және орта бизнес ІЖӨ-нің 30 пайызын ғана құрайтынын ескеру керек. Мұнай-газ, машина құрастыру, тау-кен өндірісі салаларынан түскен салықтар қайда? Сіздердің есептеріңізде бұл салалардың өсуі жыл сайын жақсы қарқын алып келеді. Ұлттық қор - бұл болашақ ұрпаққа арналған қор екенін ұмытпаңыздар. Сондықтан оны қазіргі жағдайда оңды-солды жұмсауға болмайды», - деді Мәжіліс спикері.
Осылайша, Мәжіліс төрағасы республикалық бюджетті қалпына келтіруде министрліктер өзге тетіктерді іздеу керектігін айтты.
Әсел Оршыбеков, Нұр-Сұлтан