ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 930 адам COVID-19 вирусын жұқтырды

Несие рақымшылығын ұзарту ұсынылды: Еңбек министрлігі түсініктеме берді

Құжаттың жобасы 14 маусымға дейін талқылауға шығарылып отыр

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

«Ашық НҚА» порталында «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің 2019 жылғы 15 шілдедегі № 520 қаулысына өзгерістер енгізуге арналған құжаттың жобасы жарияланды.

Осыған байланысты БАҚ-та мазмұны «Үкімет 2019 жылы жүргізілген несиелік рақымшылықты ұзартуды ұсынды» деген сыңайдағы ақпараттар жариялана бастады. Алайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «несие рақымшылығы ұзартылады» деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Қаулымен есептен шығару мерзімі 2019 жылғы 13 желтоқсаннан кешіктірілмей белгіленген. ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайту үш кезеңде жүргізілді. Бірінші кезеңде есептен шығару 2019 жылдың қыркүйегінде 507,4 мың азаматқа жалпы сомасы 105,2 млрд теңгеге, екінші кезеңде 2019 жылғы желтоқсанда 46,9 мың азаматқа жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге жүзеге асырылды.

Жарлыққа қатысы бар адамдарды толық қамту мақсатында министрлік 2020 жылдың сәуір айында жалпы сомасы 5,5 млрд теңгеге 23,4 мың азаматты үшінші кезеңде есептен шығаруды жүзеге асырды.

Осыған байланысты, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың І тоқсанында нақты жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, есептен шығару мерзімін түзетуді көздейтін «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі.

Бүгінгі күні берешекті есептен шығару бойынша барлық жұмыстар аяқталды және оларды қайта бастау болжанып отырған жоқ», - делінген жауапта.

Құжаттың жобасы 14 маусымға дейін талқылауға шығарылып отыр.