Кәсіпорын 2024 жылға дейін шығарындылар көлемін 30%-ға азайтатын болды
Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. «АрселорМиттал» АҚ басшылығымен өткен жиын нәтижесі туралы Twitter-парақшасында жазды.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қоршаған ортаға шығарындыларды 2025 жылға қарай 30%-ға азайту бойынша жаңа жоспарымен таныстық. Табиғатты қорғау шараларының орындалу мерзімін қысқартып, шығарындылар көлемін төмендету жоспарына 2025 емес, 2024 жылы қол жеткізу мүмкіндігін бірлесе қарастыруға келістік», - деп жазды министр.
Жаңа стратегияға сәйкес, зауыт шығарындыларды азайту үшін балама экологиялық шараларды қолданады. Алдағы 5 жылда қоршаған ортаны жақсартуға кем дегенде 380 млн АҚШ доллар көлемінде инвестиция cалмақ.
«Бұл - шығарындыларды азайту бойынша қол қойылған екіжақты меморандум аясындағы жұмыстың жалғасы. Теміртау экологиясы – өте маңызды мәселе. Сондықтан шығарындыларды азайту жұмысы біздің қатаң бақылауымызда болады. Жергілікті қоғам белсенділері де ахуалды назарда ұстайды. «АрселорМиттал» басшылығы да қоғам өкілдерімен тоқсан сайын тұрақты түрде кездесіп тұрмақ», - дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Қарағанды облысында жыл сайын атмосфераға 590 мың тонна зиянды заттар шығарылады, оның 247 мың тоннасы Теміртау қаласына тиесілі. Ал, оның 86%-ы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ зауытынан шығады.
Еске салайық, 16 сәуірде «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына шамамен 1 млрд теңгеден асатын залалды өтеу туралы нұсқама жіберілді.