Мүгедектік және асыраушысынан айырылу: жыл басынан бері 97 млрд теңге жәрдемақы төленді

Автор: Azattyq Rýhy

Асыраушысынан айырылғандардың саны - 168,8 мың адам

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Мүгедектік және асыраушысынан айрылған қазақстандықтарға 97 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Биыл қаңтар-наурыз аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 77 млрд теңге, асыраушысынан айрылу жағдайына 20,5 млрд теңге бағытталды.

1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 524,3 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 168,8 мың адамды құрайды.

«Мүгедектік және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушысының асырауындағы адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады», - делінген хабарламада.

Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 49 502 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 41 369 теңгені құрады.