Үкімет нан бағасын тұрақтандыру үшін резервтен 2,6 млрд теңге бөлмек
Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі
«Ашық НҚА» порталында нан бағасын тұрақтандыру үшін ҚР Үкiметiнiң резервiнен қаражат бөлу туралы қаулы жобасы жарияланды.
«Қаулы жобасын іске асыру бірінші сұрыпты (формалы) бидай ұнынан жасалған нанның бағасын ұстап тұру жөнінде меморандум жасасқан, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-нан астықты сатып алған ұн тарту кәсіпорындарына 2021 жылғы наурыз-тамыз аралығында өткізген астықты темір жол (магистральдық және вагон құрамын қоса алғанда) тасымалдау шығындарын өтеуге Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарына аудару үшін 2021 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервісінен 2 661 299 113 (екі миллиард алты жүз алпыс бір миллион екі жүз тоқсан тоғыз мың бір жүз он үш) теңге көлеміндегі қаражат шығындарды қажет етеді», - делінген жобаның түсіндірме жазбасында.
Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі. Қаулы жобасының әлеуметтік маңызы – әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бірінші сұрыпты бидай ұнынан әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру.