14 жасқа дейінгі балалардың ұшу билеті үшін тасымалдау төлемі өтелсін – Ақтоты Райымқұлова

Сенат депутаттары туризмге қатысты заң жобасын мақұлдады

14 жасқа дейінгі балалардың ұшу билеті үшін тасымалдау төлемі өтелсін – Ақтоты Райымқұлова
фото: Ақтоты Райымқұлова, Мəдениет жəне спорт министрі

Бүгін Сенат отырысында Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова туризм саласын мемлекеттік қолдауға байланысты уәкілетті және басқа мемлекеттік органдарға қосымша құзыреттер беру туралы ұсыныстарын айтты. Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Заң жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 1 қыркүйекте алтыншы шақырылған Парламенттің төртінші сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген және елдің стратегиялық құжаттарына сәйкес туристік саланы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңге арналған Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарының бірі ретінде туризм саласын дамыту үшін қажетті құқықтық база құруға бағытталған», - деді министр.

Басым туристік аумақ (БТА) ұғымын енгізу

«Басым туристік аумақ ресурстарды туризмді дамытудың перспективалы нүктелерінде шоғырландыру мақсатында құрылады. Сондай-ақ, бұл аумақта инвесторлар үшін ерекше жеңілдіктер және қазақстандықтардың елде демалуға бағытталған ілгерілету шаралары қарастырылған», - деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.

Шетелдік туристен туристік алым жүйесін енгізу

Әлемдік тәжірибені ескере отырып, шетелдік туристерден туристік алым енгізу және операторларды анықтау жоспарланған. Министрдің айтуынша, туристік алым мөлшерлемесінің өзін Мәслихат, ал төлеу тәртібін Үкімет бекітеді.

Туризм саласындағы реттеу саясатын жетілдіру және оны кәсіпкерлік кодексіне сәйкестендіру

«Төртінші өзгеріс – туризм саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізуге байланысты уәкілетті және басқа мемлекеттік органдарға келесідей қосымша құзыреттер беру», - деді министр.

Олар:

  • туристік нысандар мен жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін салуға кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу;
  • көлік құралдары мен тау шаңғысы курорттарын дамытуға арналған жабдықтар алуға шығындардың бір бөлігін өтеу;
  • туристік пакет шеңберінде әрбір келген шетелдік турист үшін туроператорларды субсидиялау;
  • санитарлық-гигиеналық қондырғыларды күтуге арналған кәсіпкерлер шығындығындарын субсидиялау;
  • туристік пакет шеңберінде ата-анасымен бірге дем алатын 14 жасқа дейінгі балаларға арналған ұшу билеті үшін тасымалдау төлемін өтеу;

Сенат депутаттары заң жобасын мақұлдады.

«Біздің есептеуіміз бойынша, бұл шараларды жүзеге асыру экономикаға бюджеттің қосымша кірісі түрінде 135 млрд теңгені тартуға, 170 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және кем дегенде 1000 жобаны іске асыруға мүмкіндік береді», - деді Ақтоты Райымқұлова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.