Алексей Цой не үшін Президенттің отандық вакцина салдырмағанын түсіндірді

Тоқаев «Спутник-V» вакцинасын салдырды

Алексей Цой не үшін Президенттің отандық вакцина салдырмағанын түсіндірді

Кеше Мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ. Алайда, Президент бұған дейін коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны (QazVac - ред.) салдыратынын айтқан еді.

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президенттің не себепті «Спутник V» вакцинасын салдырғанын түсіндірді.

«Мемлекет басшысының «Спутник V» екпесін салдыруының себебі - ол қазақстандық вакцина. Яғни, Қазақстанда өндірілген. Иә, екпені ресейлік ғалымдар әзірледі, бірақ ол Қазақстанда өндіріледі. Барлық жерде, орам материалында да, зауыттың өзінде де бұл вакцина Қазақстанда өндірілген деп жазылған», - деп түсіндірді министр.

Ал, министрдің өзі отандық ғалымдар әзірлеген QazVac вакцинасын салдыратынын айтты. Отандық вакцина қазір сынақтың соңғы сатысынан өтіп жатыр. Осы айдың соңына қарай қолданысқа енгізілуі мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.