Сенатор Президент тапсырмасының орындалуына қатысты сын айтты
Еліміздегі жоғары оқу орындары оқытушыларының орташа жалақысы - шамамен 120 мың теңге. Профессорлық-оқытушылық құрамның оқу жүктемесі 700 сағаттан (академиялық) асады. Мұндай деректерді сенатор Ақылбек Күрішбаев Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында атап өтті.
Сенат депутаты Мемлекет басшысы өткен жылы мамандыққа байланысты мемлекеттік білім гранттарының құнын 1,3-2,7 есеге көтеруді тапсырғанын еске салды. Осы орайда оқытушылар құрамының жалақысын көтеру мәселесі де қолға алынуы тиіс болған. Алайда, сенатордың айтуынша, іс жүзінде ЖОО педагогтерінің жалақысы әлі тиісті дәрежеде өспеген.
«Себебі біздегі ЖОО-лардың көбінде бюджетті жұмсау мәселелері оқытушылармен де, ғылыми кеңеспен де келісілмейді, тек олардың менеджерлері жеке дара шешім қабылдайды. Университеттерге академиялық еркіндік бере отырып, біз олардың ісіне сырттан араласуды шектеп, олардың басшылығына ауқымды өкілеттік беріп қойдық. Бірақ оқытушыларды басқару жүйесіне, атап айтқанда, дамыған елдердегідей профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми кеңестерге қатысуын, директорлар кеңесіне өкілдігін қамтамасыз ете алмадық», - деді Ақылбек Күрішбаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан