Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен Инвестициялық штабтың отырысы өтті
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 2025 жылы ЖІӨ-нің 30%-ына дейін, тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $30 млрд-қа дейін жеткізу мақсаты қойылғанын атап өтті.
Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 32,4 трлн теңге сомасына 1600-ден астам жобадан тұратын пул құрылғанын айтты.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бес жыл ішінде АӨК саласында жалпы сомасы 4,1 трлн теңгеге 400-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл 2025 жылға қарай жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 1,3 есе, ал экспортты 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек биыл өңірге машина жасау, металлургия және ТМК сияқты салаларға кемінде 810 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын айтты. Жыл соңына дейін 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 282,2 млрд теңге сомасына 14 жоба аяқталмақ.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов алдағы бес жылда өңірде машина жасау, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергетика, денсаулық сақтау және т. б. салаларда 1,6 трлн теңгеден астам сомаға 59 жобаны іске асыру жоспарланғанын атап өтті.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов шетелдік және отандық инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа алгоритмі АХҚО және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның барлық инвестициялық жобаларды егжей-тегжейлі тексеруін көздейтінін баяндады.
Инвесторлармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және АХҚО-ның «Business Connect» бөлімшесі сарапшыларынан «Task Force» арнайы келіссөз командасы құрылады. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның инвестициялар тарту жөніндегі жұмысқа қатысуы кеңейтіледі.