Алексей Цой медициналық жабдықтары қатты тозған өңірлерді атады

Министр медицина саласындағы негізгі проблемаларды ашық айтты

Алексей Цой медициналық жабдықтары қатты тозған өңірлерді атады
көрнекі фото: sia-medconsult.com

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгінгі Үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) аясындағы бірқатар мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Министрдің айтуынша, жан басына қаржыландыруды жетілдірудің қажеттілігі айқын көрініп отыр.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, негізгі проблемалар бар. Пациенттер деңгейінде бұл көрсетілетін қызметтердің сапасы, коммуникацияның әлсіздігі, мамандарға кезекке тұру, медициналық қызмет көлемінің жеткіліксіздігі, жоғары технологиялық қымбат қызметтерге қолжетімсіздік, арнайы сала мамандарының тапшылығы», - деді Алексей Цой.

Ол АМСК деңгейінде жан басына қаржыландыруды жетілдіру талап етілетінін айтты. Сондай-ақ цифрландыру аяқсыз қалып отыр.

Медициналық ұйымдардың интернетпен қамтамасыз етілуі аудандық деңгейден төмен – 84,2%-ды құрайды.

«Кадрлық әлеуеттің, әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіздігі, жалақы аздығына қатысты мәселелер бар. Әлсіз инфрақұрылым және жабдықтау да бар. Мәселен, бірқатар шалғайдағы ауылдарда (елдімекен – ред.) АМСК нысандары мен медициналық жабдықтардың тозуы, тіпті, болмауы тіркелген. Жалпы республика бойынша АМСК ұйымдары ғимараттарының тозуы 55%-ды құрайды. Бұл ретте Ақмола облысында – 79%, СҚО – 75%, ШҚО – 71%, БҚО – 69 %, Атырау облысы – 65 %, Қызылорда облысы — 59% анықталған. Бұл аталғандар жабдықтардың қатты тозғанын білдіреді», - деп нақтылады министр.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.