Сенатор санитарлық авиация тарифтерін көтеруді сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл салада қызметтердің құны соңғы 8 жылда өзгермеген
 

Фото: ашық дерек көздерден

Қазақстанның шалғай аудандары үшін санитарлық авиация – азаматтардың медициналық қызмет алу және адамдардың өмірін сақтап қалудың жалғыз тәсілі. Алайда, бұл салада бірқатар проблемалар бар. Сенаторлардың айтуынша, олардың жалақысы төмен, ал ұшақтар ескі. 

«Ұшақтар ұсынатын авиациялық қызметтер бойынша тарифтер 2016 жылдың деңгейінде қалды. Осыған байланысты тартылатын АН-2, ЯК-40 және АН-24 ұшақтарының орташа қызмет ету мерзімі шамамен 40-45 жыл. Олардың ұшу, техникалық, санитарлық-экологиялық сипаттамалары қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келмейді. Тарифтерді 2016 жылғы деңгейде ұстау отандық авиакомпаниялардың өндірістік-шаруашылық қызметте шектелуіне және біздің кемелеріміздің ұшу жарамдылығын ұстап тұруға алып келеді. Ұшу барысында көрсетілген медициналық қызметтердің тарифтеріне де жағдай ұқсас. Медициналық қызмет тарифі 2014 жылдың деңгейінде қалады және бір сағат үшін 140 мың теңгені құрайды. Санавиация жабдықтарының паркі соңғы рет 2013 жылы жаңартылды», – деп атап өтті палатаның жалпы отырысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова. 

Депутат өзінің депутаттық сауалында ҚР премьер-министрі Асқар Маминнен республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде ұшу уақытының бір сағаты үшін қаржыландыруды ұлғайту мәселесін қарауды сұрады. Сондай-ақ, ол медициналық қызметтердің тарифін көтеруді және жалпы осы саланы қаржыландыруды ұлғайтуды сұрайды.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жыл сайын санитарлық авиация қызметімен 3 мыңға жуық қазақстандық қамтылады. 2011 жылдан бастап 2021 жылға дейін 18 мың ұшу жасалды, 23 мың пациентке көмек көрсетілді. Тағы 85 ұшу Қазақстан азаматтарын шетелдік клиникалардан тасымалдау үшін, 71 ұшу – донорлық органдарды жеткізу бойынша мамандарды тасымалдау үшін орындалды.