Меморган басшылары мен әкімдердің жұмысқа келіп-кетуі бюджетке қандай салмақ салады?
ШҚО әкімдігі 108 млн теңгеге үш тікұшақ жалдамақшы
Бұрын көлік тығыны тек Алматы тұрғындарының үлкен бас ауруы саналатын. Қазір бұл әрбір облыс орталығында қалыптасқан құбылысқа айналды. Әсіресе, елордада таңертеңгі және кешкі қарбаласта бір нүктеден екінші нүктеге жетуің мұң. Мұнда қарапайым тұрғындармен бірге шенеуніктердің қызметтік көліктері жетіп артылады.
Осы қызметтік көліктердің саны ғана емес, қып-қызыл шығыны да проблема екенін бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан. Президент шенеуніктерге қызметтік көліктерді сатып алудан бас тартып, оларды жалға алуды, яғни такси қызметін пайдалануды тапсырған еді. Тоқаевтың бұл тапсырмасы Нұр-Сұлтанда орындалуындай орындалып жатыр. Алайда, мемлекеттік сатып алулар порталын қарасаңыз, шығынның айтарлықтай азая қоймағанын аңғару қиын емес.
Azattyq Ruhy порталы тура бір жыл бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен вице-министрлерін жұмысынан әуежайға дейін тасу үшін жалданған көлікке жылына 54 млн теңгеден астам қаражат кететінін жазған еді. Және ондай мысалдар көп.
Сондықтан, Тоқаев меморгандар мен орталық атқарушы органдар үшін көлікті жалға алу тәжірибесінен «жолға кететін шығынды өтеу» тәжірибесіне қарай ығысуды тапсырған. Бірақ, мемлекеттік сатып алу сайтында «жүргізушісімен бірге жеңіл көлікті жалға аламыз» деген хабарландырудың саудасы қызып тұр. Тіпті, арасында жалға тікұшақ іздегендер де бар. Бүгін мемлекеттік сатып алу сайтындағы осындай «тауарлар мен қызметтер» туралы жазамыз.
ШҚО ӘКІМДІГІ ҮШ ТІКҰШАҚТЫ ЖАЛҒ АЛУ ҮШІН 100 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛДІ
15 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты тікұшақты жалға алу қызметіне конкурс жариялады. Жалпы, әкімдер тікұшақты төтенше жағдай кезінде немесе санавиация үшін шақыртамыз деп түсініктеме береді көбіне.
Дегенмен, дәл осы үш лотта тікұшақ нақты қандай мақсатқа керек екені жазылмаған. Тек «кестесіз жолаушыларды тасымалдау бойынша әуе көлігінің қызметтері» деген жалпылама сипаттамасы бар. Техникалық сипаттамада әр тікұшақ неше адамға арналған екені, 2021 жыл бойы мереке және демалыс күндеріне қарамай, күн сайын керек болатыны, 2 млн теңгеге жалға алатын тікұшақ небәрі 5 сағат ұшатыны, 49 млн теңгеге жалға алатын тікұшақ жылына 67 сағаттан аз ұшпайтыны, 56 млн теңгеге жалға алатын тікұшақ жылына 76 сағаттан аз ұшпайтыны жазылған. Конкурсқа қатысатын компанияның тікұшағы сол мекеменің меншігінде және екі тәжірибелі ұшқышымен қатар ұсынылсын деп талап етіп отыр ШҚО әкімінің аппараты.
Осылайша, 15 қаңтарда жарияланып, ақпанның біріне дейін құжат қабылданатын конкурсқа сай, ШҚО әкімінің аппараты 56 млн теңгеге, 2 млн теңгеге және 49 млн теңгеге, барлығы 108 млн теңгеге жуық қаражатқа 1-санатты үш тікұшақ жалға алмақ.
ЖЕРДЕГІ ШЕНЕУНІКТІҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?
Айтқанымыздай, дәл қазір мемлекеттік сатып алу сайтында жүргізушісі бар жеңіл көлікті жалға аламыз деген хабарландырудан көз талады. Түсінікті әрі қалыптасқан құбылыс: меморган басшылары мен кез келген деңгейдегі әкімді бір жыл бойы жұмысқа тасып тұратын көлікті жылдың басында сайлап алу керек.
Бұндай хабарландырудың арзаны жоқ. Бұл қызмет түрі мемлекеттік сатып алу сайтында кемі 1 миллион теңгеден басталады.
Мысалы, Алматы әкімдігіне қарасты Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының «СПИД-тің алдын алу орталығы» деген мемлекеттік мекеме жүргізушісі бар жеңіл көліктерді жалға алу үшін 27 млн теңге бөліп отыр.
Ал, қаланың туризм басқармасы жеңіл көлікті жүргізушісімен бірге 5.8 млн теңгеге жалға аламыз дейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау жүргізу комитеті Алматы қаласындағы департаменті үшін 2,7 млн теңгеге жалға алуға болатын көлік іздейді. Жүргізушісімен бірге.
Ал, Алматы қласының шенеуніктері мен әкімдерін шақырып брифинг өткізетін Аймақтық коммуникациялар қызметі болса, бір жыл бойы қызметкерлерін (әрине, белгілі бір қызметкерлерді) тасымалдау үшін 5,4 млн теңгеге көлікті жалға алғалы отыр. Конкурс 25 қаңтарда басталған.
Павлодар қаласы әкімдігінің аппараты болса, дәл осындай қызмет түрін 7,1 млн теңгеге іздеп отыр. Алтыншы ақпан күні аяқталатын конкурстың жеңімпазы 2021 жылдың 1 наурызынан бастап, 31 желтоқсаны аралығында қызмет көрсуге міндеттеледі. Павлодар қаласы әкімдігінің аппараты конкурстың құжаттамасына бірнеше талабын жазған, мәселен, жалға алатын көлік 2012 жылдан ескі болмасын, көлік пен жүргізушінің сақтандыру полисі болу керек деген талаптар бар. Осы сомаға жалға алатын екі көліктің іші қыста жылы, жазда салқын, ал, жүргізушілерінің тәжірибесі кемінде үш жыл болуы шарт. «Күнделікті жұмыс тәртібі мен көлемін қажет болса, жұмыс беруші өзі анықтайды» деген талабы тағы бар.
ТАКСИ ҚЫЗМЕТІ КӨЛІК АРЕНДАСЫНАН ТИІМДІ БОЛА АЛА МА?
«Шенеуніктері жеке көліктен түсіріп, таксиге мінгізе» бастаған алғашқы мегаполистің бірі Нұр-Сұлтан еді. Жуырда ғана вице-министрдің креслосына жайғасқан Ғабидолла Әбдірахманов сияқты, Шымкенттің әкімі кезінде қарамағындағыларды бірден велосипедке отырғыза алмаса да, елорданың әр кездегі әкімдері таксиге мінуге қарсылық танытпады.
Бірақ, такси қалалық бюджетке жеке көліктен қарағанда көп салмақ салмаса, шығынды азайтпады. Мысалы, Жоғарғы сотқа қарайтын «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша соттардың әкімшілігі» атты мемлекеттік мекеме 31 млн теңгеге такси қызметін сатып аламыз деп конкурс жариялап отыр.
«Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның ұжымы бір жыл бойы 8 млн теңгеге такси мініп жүрмек.
Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаменті 3,6 млн теңгеге, қаланың ревизиялық комиссиясы 9 млн теңгеге такси жалдамақ.
Осылайша, шенеуніктер мен әкімдердің көлік ауыстыру эволюциясына қарасақ, ел басшылығы мен халық алғаш сынай бастағанда, олар бюджет ақшасына сатып алатын жеке көлікті қызметтік көлік деп, қызметтік көлік те «еркелік» екенін түсінгенде, оны жалға алатын көлік деп, жалға алатын көліктің ақшасы да бюджетке салмақ салатын болған соң, оны «такси» деп ауыстырды. Көріп отырғанымыздай, «такси» деген қызметтің атауы арзан естілгенмен, бюджеттен алатын ақысы аз емес.
Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ, Нұр-Сұлтан