Ресейге қызанақ экспорттауға қойылған шектеулер алынды – АШМ

Автор: Azattyq Rýhy

Павлодар облысынан қызанақ экспорттауға 19 қаңтарда рұқсат берілді

27 қаңтардан бастап қазақстандық қызанақты Ресейге экспорттауға қойылған шектеулер алынады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті РФ-ның «Россельхознадзор» қызметімен келіссөз жүргізіп, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС және «Green Land Alatau» ЖШС-ның қызанақ жемісіндегі қауіпті вирус (Tomato brown rugose fruit virus немесе ToBRFV) бойынша жылыжайлардың карантиндік фитосанитариялық жай-күйі туралы өзекті ақпаратты ұсынды.

Қазақстан тарапы ұсынған құжаттардың қорытындысы бойынша «Россельхознадзор» ағымдағы жылдың 27 қаңтарынан бастап Ресейге Ақтөбе және Алматы облыстарынан қызанақ алып келуге қойылған уақытша шектеуді алып тастады.

Еcке сала кетейік, 2021 жылғы 19 қаңтарда «Россельхознадзор» ҚР Павлодар облысынан қызанақ экспорттауға рұқсат берген болатын.