Мемқызметтегі ата-аналар жұмыста 18:00-ден кейін қалмау керек – депутаттар Премьерге сауал жолдады

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжілісмендер бала тәрбиесін қазір қолға алмаса, ертең бәрі кеш болатынын айтты

Қазақстанда бала тәрбиесі алаңдататын жағдайға жетті. Бүгін ҚР Премьер-министрі Асқар маминге депутаттық сауал жолдаған Nur Otan фракциясының өкілдері осылай деп дабыл қақты. Олардың айтуынша, ұлтымыздың дәстүрлі отбасы институты сырттан қиямет-қайым қысымға ұшырап отыр.

Үкімет басшысына сауалды депутаттар Ерлан Саиров, Елнұр Бейсенбаев және Жұлдыз Сүлейменова жолдаған.

«Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 3526 суицид жағдайлары тіркелген, оның ішінде 144 - жасөспірімдер. Сонымен қатар, осы бір жылда, 4855 өз-өзіне қол жұмсауға талпыну жағдайлары тіркелген. Бұл мәселенің ушығып кетуінің себебі, Еліміздің Дәстүрлі жанұя институты сырттан қиямет-қайым қысымға ұшырауда! Аталған проблема Қазақстанның ең басты гуманитарлық мәселесі деңгейіне көтерілуде», - деп басталады депутаттардың сауалы.

Олар аталған проблеманы шешуді бір органның мойнына артып қоймай, бірнеше министрлік бірігіп шешуі тиіс дейді. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігі ведомствоаралық өзара үйлестіруді күшейту және жауапкершілікті арттыру арқылы аталған сұрақтың оңтайлы шешіміне қол жеткізу тиіс.

Бала тәрбиелеудің ұлттық форматы деформацияға ұшырап барады деп дабыл қаққан депутаттар Асқар Маминге бірнеше ұсыныс айтты. Яғни, үкімет «Nur-Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Бақытты отбасы» пунктін іс-жүзіне асырған кезде мына мәселеге терең назар аударуы қажет:

1. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын-алу және болдырмаудың кешенді жүйесін қалыптастыру өте маңызды!

2. Азаматтарға кешенді психологиялық көмек көрсету тетігін жақсарту, сонымен бірге,  ата-аналарға құқықтық, рухани, әдістемелік қолдау көрсететін «Жанұяны қолдау орталықтары» институтын құра отырып,   ата-ананы қолдау тетіктерін қарастыру өте өзекті!

Бұл ретте балаларды қазіргі уақыттың талабына сай технологиялық бағытқа ерекше ден қоя отырып,  ұлттық дәстүрлі құндылықтар аясында оқушылардың адамгершілігі мен моральдік келбетін қалыптастыра отырып тәрбиелеу, балалар мен ата-аналарға қиын жолдан  бірлесіп шығуға жол көрсету мәселесі алдыңғы қатарда болуы қажет.

3. Азаматтардың өзінің ата-аналық миссиясын толыққанды орындауына жағдай жасау мақсатында Еңбек кодексінің баптары нақты орындалуы басты міндет!

Мемлекеттік қызметтегі, ірі кәсіпорындарда еңбек ететін ата-аналар кешкі 18.00-де  жұмыста қалмауы  қажет!

Ата-аналардың бала тәрбиелеуге уақыты, жауапкершілігі және қауқары болуы тиіс!

4. Педагогтардың және ата-ананың балабақша, мектеп жасындағы балаларды ұлттық құндылық аясында тәрбиелеу функциясын кеңейткен абзал. Осы орайда,   балаларды  тәрбиелеудегі  мектеп пен ата-аналардың бірлескен жауапкершілігін арттыратын жаңа форматқа  көшу өте маңызды.

5. Психология саласында мектепке дейінгі, мектеп кезеңіндегі әдістемелік құралдар мен оқулықтарға адамның өмір сүру философиясы, гуманистік құндылықтардың маңызы туралы ақпарат енгізу, ата-аналардың бала тағдырындағы аса маңызды рөлін арттыру өзекті. Психологтардың кәсіби дайындығының білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру қажет.

6. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі  балалардың дұрыс және тұрақты психоэмоционалдық жан-жақты дамуының мазмұнды бірыңғай бағдарламаларын әзірлеуін қолға алғаны абзал.

7. Жұмыс істеп тұрған Кешенді психологиялық қызметтердің тиімділігін арттырып, олардың жұмысына қоғамдық мониторинг жасай отырып, бағыт-бағдарын кең ауқымды қоғам бақылауында ұстаған жөн.

8. Мектептерде ата-аналар, мұғалімдермен бірлесе отырып, «зорлық-зомбылыққа төзімсіздік» этикасын енгізу, балабақшада, кіші сыныптарда буллингпен күресу бағдарламасын енгізу кезек күттірмейтін мәселе! Білім беру саласында психологтардың штатын көбейтуді ұсынамыз!

9. Әлеуметтік желіде жасөспірімдерді суицидке итермелейтін ақпаратты тежеудің ұтымды тетігін қалыптастыру, тәуекелі жоғары балаларға алдын-алу іс-шараларын жасаудың практикасын енгізу тетігін қарастыру өзекті! 

«Біздің адамдардың өмірі, балаларымыздың жарқын болашағы ең басты аспект, мемлекет адамның өмірін сақтау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануы қажет! Осы мәселелерді қарап, нақты шешімдер қабылдап, қарау нәтижесін заңда көрсетілген мерзімде хабарлауыңызды сұраймыз», - делінген депутаттардың Премьерге жазған сауал-хатында.