Маңғыстауда 2 млрд теңгеден астам салықтан жалтарған кәсіпорындар анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды

фото: Батыржан Беспаев

Қаржы мониторингі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті заңды және жеке тұлғалар тобына қатысты аса ірі көлемде салық төлеуден жалтаруға қатысты екі факті бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін аяқтады.

«СпецКомунСтрой KZ» ЖШС 2014-2018 жылдар аралығында серіктестіктің шығыс бөлігін жабу үшін жалған жеткізушілерден - «Ринат Актау» ЖШС, «Бори Актау» ЖШС жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей және тауарларды жеткізбей шот-фактураларды алған. Бұл ретте, Маңғыстау облысының МАЭС шешімімен аталған кәсіпорындар арасындағы мәмілелер заңсыз деп танылды.

Құжаттық салық тексерісінің актісіне сәйкес «СпецКомунСтрой KZ» ЖШС жалтарған сома 163 млн теңгеден асты. Мұнайлы аудандық сотының үкімімен кәсіпорын басшысы ҚР ҚК 245-б. 2-б. 1-т. бойынша айыпты деп танылып, оған бір жылға бас бостантығын шектеу жазасы тағайындалды.

Тағы басқа кәсіпорын басшысы 2013-2017 жылдар аралығында 5 миллиард теңге сомасына жалған шот-фактураларды алғаны анықталды. Яғни, кәсіпорын 2 миллиард 225 миллион теңге сомасына салық төлеуден жалтарған. Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясы бойынша іс фигуранттарының бірінің 2 миллиардан астам теңге сомадағы жылжылмайтын мүлкіне тыйым салынды.

Қазіргі таңда ҚР ҚК 245-б. 3-т. бойынша қылмыстық іс Жаңаөзен қалалық сотында қарастырылу кезеңінде.