Сенаторлар зейнетақы жинағын алудан бас тартуды ұсынған жоқ – Еділ Мамытбеков

Автор: Azattyq Rýhy

Сенат депутаты мәселені қайта түсіндіріп, дұрыс ақпарат тарамағанын жеткізді

фото: Батыржан Беспаев

Бүгін бірқатар БАҚ-та Сенат зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік беретін заң жобасын Мәжіліске қайтарғаны туралы ақпарат жарияланды. Бұл ақпарат оқырман арасында түсініспеушілік тудырды. Осыған орай Сенат депутаты Еділ Мамытбеков мәселені қайта түсіндіріп, дұрыс ақпарат жетпегенін айтты.

«Менің сөзіме тікелей сілтеме жасаған. Алайда, мен бұл турасында ештеңе айтпаған едім. Біздің отырыс тікелей эфирде Сенат сайтында көрсетілді және қазір YouTube-те қолжетімді. Негізінде бүгінгі отырыста сенаторлар экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулерді қарады. Осы аталған бағытқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», - деді депутат.

Сенатордың айтуынша, азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй мәселелерін шешу және емделу ақысын төлеу үшін пайдалану құқығына қатысты нормалар өзгеріссіз қалған.

«Бұл бөлімге сенаторлар ешқандай жаңалық ұсынған жоқ. Отырыста қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігінен бас тарту туралы сөз болған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін келесі жылдың қаңтар айының алғашқы күндерінен бастап ала алады. Сенат қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберілді. Олар тек заң жобасының жекелеген ережелерін нақтылайды», - деп түсіндірді ол.

Бұған дейін сенаторлар зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу кезінде біржолғы табыс салығын ұстап қалуды емес, оны зейнеткерлікке шыққанға дейін төлеуді кейінге қалдыруды және адамдарға оны 16 жыл бойы бөліп төлеуге мүмкіндік беруді ұсынды.

«Сенаторлар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу туралы норманы қолдайды. Бұл туралы бүгін Сенат отырысында да айттық», - дейді сенатор.