Қазақстанда әйелдер үшін зейнет жасы 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп артады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан зейнеткерлік жасты өзгерту туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстанда зейнеткерлік жастың өзгертілуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ерлер үшін зейнеткерлік жас – 63 жас, әйелдер үшін бүгінгі таңда – 59,5 жас, одан әрі 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп артады.
Бүгінгі күні республикада ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы төлемдерін қамтитын үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Зейнетақының жиынтық мөлшері еңбек өтіліне байланысты.
Ынтымақты зейнетақылар жүйесі біртіндеп жойылып жатқаны белгілі, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жинақталған еңбек өтілі ескеріледі.
Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтаушы зейнетақының рөлі артады (зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, оның мөлшері де соғұрлым жоғары болады).
Базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін де, осы күннен кейін де) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 100%-ына дейінгі мөлшерде зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға беріледі. Яғни, азамат неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақысының мөлшері соғұрлым жоғары болады.
Қартайғанда барабар зейнетақы төлемдерін алу үшін зейнетақы жинақтарының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету үшін 2014 жылы бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2018-2027 жылдар аралығында әйелдер үшін зейнетке шығу жасын жыл сайын 6 айға біртіндеп арттыру көзделген.
Бұл ретте қазіргі уақытта зейнеткерлікке ерте шығу бойынша жеңілдіктерге құқығы бар әйелдерге зейнетақы жасын көтерудің қатысы жоқ:
Әйелдер үшін жұмыс істемейтін ананың жас балаларын бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы алғанда 12 жыл шегіндегі уақыты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеледі деген жеңілдік сақталған.
Сонымен қатар, азаматтар БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда зейнетақы аннуитетіне (зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зейнетке шығу) құқықты пайдалана алады. Зейнетақы аннуитеті 55 жастағы ерлер үшін, әйелдер үшін – 51,5 жаста белгіленген. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 50 жастан бастап пайдалана алады.
Қазақстанда белгіленген зейнеткерлік жас халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулердің нәтижелері мен ұзақмерзімді актуарлық болжамдарға негізделген. ҚР-дағы зейнеткерлік жас халықаралық тәжірибеге және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді.