Қазақстандықтар үшін бала асырап алу жолы жеңілдейді

Автор: Azattyq Rýhy

Аталмыш заң жобасы жыл соңына дейін Парламентте тыңдалуы тиіс. Егер құжат қабылданса, ел азаматтарына да бала асырап алу жеңілдейді

«Шетелдіктерге қарағанда, қазақстандықтар көбірек бала асырап алуы тиіс». Мемлекеттік емес бала асырап алу жөніндегі агенттіктің бұл бастамасы енді арнайы заң жобасына енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Аталмыш мәселені заңдастыратын құжат қазір Парламент қарауында жатыр екен.

«Кейбір депуттар бұл бастамаға қарсы болса да, мемлекеттік органдар тарапынан қолдау бар. Шенеуніктер, қоғам азаматтық бірлестіктер тарапынан ұсынылған пікірлерді «Неке және отбасы туралы» заң жобасын енгізіп, өзгерту керек дейді. Істеген ісіміздің бекер еместігі қуантады», – дейді «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Балия Әкімбекова.

Негізіне, аталмыш заң жобасы жыл соңына дейін Парламентте тыңдалуы тиіс. Егер құжат қабылданса, ел азаматтарына да бала асырап алу жеңілдейді. Жалпы, жетімдердің шетел асуына сол балалардың жайымен жете таныс қоғам белсенділері түбегейлі қарсы. Солардың бірі – 60 баланы бауырына басқан елімізге танымал Әмина қажы. Ол басқаратын «Перзент» балалар үйінің тәрбиленушілері қарсылық білдіріп, тіпті әлеуметтік желілерде видеоүндеу де жариялаған.

Бүгінде елімізде жүзден астам мекемеде ата-ана қарауынсыз қалған 5 мыңдай ұл-қыз бар екен.

«Балаларды шет мемлекеттерге сату дегенге түбегейлі қарсымын. Неге десеңіз, біреудің жамауы біреуге керегі жоқ. Онсыз да саны аз қазақты жетім, жетім емес деп бөліп, сата берсе, соңы не болады? Баланы шетелдіктің асырауына беру жалпы шикі дүние. Жетім де адам баласы емес пе? Олар да осы елдің азаматы, осы жердің иесі ғой», – деп пікір білдірді «Перзент» балалар үйінің директоры Әмина қажы.