Білім министрі ЖОО оқытушыларының жалақы мәселесін сөз етті
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқу орындарының академиялық, басқарушылық және қаржылық дербестігін одан ары кеңейту, білім беру бағдарламаларын жаңарту сынды және тағы басқа бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Бірақ осы реформаларды іске асыру кезінде оқытушылардың қажет емес есептер дайындауы, жалақының төмендігі және жүктеменің көптігі сияқты маңызды мәселелер жеткілікті деңгейде қарастырылмауда. Ал, бұл мәселелер білім беру сапасына тікелей әсер етеді. Оқытушылардың басты міндеті – білім беру. Бірақ есеп беру, жоспар толтыру сияқты қажеті шамалы міндеттемелер негізгі жұмыспен айналысуға кедергі жасайды», - деді министр.
Министрдің айтуынша, бір оқытушы 800 сағат жүктемені құрайтын 10 пәннен сабақ жүргізуі мүмкін. Алайда, жұмыстың көптігіне қарамастан, мардымсыз жалақы оқытушының қарапайым қажеттіліктеріне де жетпей жатады.
«Бұл ретте оқытушының өзін-өзі кәсіби тұрғыда дамытуына уақыты ғана емес, басқа да мүмкіндіктері болмайды. Сол себепті біз осы мәселелерге баса назар аударудамыз. Біз ҚР БҒМ бұйрықтарына өзгерістер енгізіп, оқытушылар толтыратын құжаттар көлемін айтарлықтай қысқарттық», - деді министр.
Асхат Аймағамбетов соңғы өзгерткен бір бұйрықтың негізінде мысал келтірді. Айтуынша, қатаң есептілік нысандарынан 11 құжат алынып тасталды.
«Олардың арасында оқу уақытын ай сайынғы және жылдық есепке алу ведомостары, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауға арналған бірнеше емтихан ведомостары, қорытынды аттестаттауды өткізу жөніндегі комиссия отырыстарының әртүрлі хаттамалары және тағы басқасы бар.
Мысалы, бір ғана кафедраның жұмыс жоспарын жасау үшін 21 тармақтан құралған құжатты толтыру қажет, ал ол көп уақытты қажет етеді. Оның бәрі міндетті құжаттардың тізімінен қысқартылды. Дегенмен, кейбір университеттер бұрынғы әдетіне салып, ескі талаптардан бас тарта алмай келеді», - деп тоқталды А.Аймағамбетов.
Ведомство басшысы оқытушыларды алдағы уақытта басшылық сол құжаттарды талап етсе, ҚР БҒМ-нің бұйрықтарына сүйенуге шақырды.
«Жалпы барлық құжаттар цифрлық форматта жүргізілуі қажет. Біз пандемия кезінде студенттер дипломдық жұмыстарын немесе диссертацияларын қашықтан қорғай алуы үшін «көк» мөр, рецензенттер мен менеджерлердің қолтаңбаларын жинау және т.б. талаптарды алып тастадық», - деді ол.
Білім министрі көп ЖОО-ларда қолданылатын әдістемелер күмән туғызатынын жасырмады.
«Оқытушының жүктемесі 800 сағатқа дейін жетсе, сабаққа дайындалуға немесе ғылыми бағыттағы жұмыстармен айналысуға уақыт табу қиын. Сондықтан жақын арада Министрлікке қарасты жоғары оқу орындарына жаңа әдістеме ұсынылады. Құрамында сарапшылар, жоғары оқу орындарының проректорлары мен оқытушылар бар жұмыс тобы бұл мәселеге жұмылдырылды.
Айта кеткен жөн, жүктемені бірден автоматты түрде төмендету қажетті нәтиже бермейді. Кейбір оқу орындары оқытушылардың жүктемесін бірден 400-500 сағатқа дейін төмендеткен болатын. Бұл ретте ЖОО-дағы жалпы сағат көлемі азаймады, керісінше қосымша оқытушыларды жұмысқа қабылдау қажеттігі пайда болды.
Себебі, бір оқытушыға берілетін ставка көлемі 1,5-тен аспауы керек. Нәтижесінде университет біліктілігі төмендеу оқытушыларды жұмысқа алуға мәжбүр болды. Әрине, мұның оқу сапасына кері әсер еткенін айтпаса да түсінікті», - деді министр.
Бұл мәселені кезең-кезеңмен және жүйелі түрде шешетінін айтқан министр, ЖОО оқытушыларының жалақы мәселесін де сөз етті.
«2019 жылдың қыркүйегінде ректорларға жалақыны ішкі резервтер мен әкімшілік шығындарды қысқарту есебінен 25%-ға арттыру туралы тапсырма берген болатынмын. Ал биыл Президенттің қолдауымен бюджеттен қаржы бөлінді. Соған сәйкес 2020 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік білім беру грантының құны артып, оқытушылардың еңбекақысын көбейтуге мүмкіндік берді.
1 қыркүйектен бастап орта есеппен ұлттық жоғары оқу орындарында жалақы көлемі 28%-ға, ал мемлекеттік жоғары оқу орындарында – 20%-ға өсті. Әрине, біз мұнымен ғана шектелмей, осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз», - деп атап өтті.
Асхат Аймағамбетов министрлік ЖОО-ларға қаржылық дербестік бергенмен, екінші жағынан олардың ішкі жұмысына араласып отыр деген сыни пікірлерге жауап берді.
«Мен бұл пікірмен келіспеймін. Заңға сәйкес, Білім және ғылым министрлігіне қарасты ЖОО-лардың жалғыз акционері ретінде біз қажет шешімдер қабылдауға міндеттіміз. Дегенмен, жекеменшік және басқа да мемлекеттік органдарға қарасты жоғары оқу орындары көптеген мәселе бойынша шешімдерді дербес қабылдайтынын айта кеткен жөн», - деп түсіндірді.