Ол Премьер-министр кеңсесіне осы жылдың наурызында қызметке келген
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі қылмыстық іске күдікті ретінде тартылған кеңсе қызметкеріне қатысты ақпаратқа жауап берді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан бойынша департаментінің хабарламасында газ сатуға қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде тартылды деп көрсетілген ҚР Премьер-министрі кеңсесінің қызметкері бұрын Маңғыстау облысының Ақтау әкімдігінде жұмыс істеген және кеңсеге 2020 жылдың наурызында жұмысқа қабылданған. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары оның Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарындағы жұмыс кезеңіне қатысты», - делінген хабарламада.
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдолла «Antikor ortalygy» орталығында өткен брифингте ҚР Премьер-министрі кеңсесі қызметкерінің тергеу жүргізіліп жатқан іс бойынша күдікті екенін айтты.
«Тергеу барысында Маңғыстау облысының қажеттілігіне арналған 3,5 мың тонна көгілдір отынның Қарағанды аумағында 252 миллионнан астам теңгеге сатылғаны анықталды. Босатылғаннан бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі сату бағасы асыра бағаланып, үш еседен астам болды. Күдіктілердің бірі - ҚР Премьер-министрі кеңсесінің белді қызметкері. Екі адам қамауға алынды, бұл іс бойынша тергеу әлі жүріп жатыр», - деді Ш. Қабдолла.