«Тәртіптік жазаға тартылды»: Цой коронавирусқа қатысты деректерді жасырған өңірлер туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Барлық науқас қажетті ем-дом алған

Фото: ОКҚ баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өңірлерде коронавирус жұқтыру жағдайларын жасырудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Өңірлердегі статистикаға келетін болсақ, жағдайды білеміз. Біз осы жұмысты жүргізгеніміз жайлы Мемлекет басшысын хабардар еттік. Бригадаларымыз Қазақстанның әрбір өңіріне арнайы барып, осындай жағдайды көріп, себебін анықтады. Негізгі себептердің бірі – зертханаларда толық интеграцияланудың болмауы», - деді Цой брифингте.

Министрдің айтуынша, зертханалардың бір бөлігі, әсіресе, жеке зертханалар бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізілмеген.

«Ақпараттық желідегі зертханаларды қамту 30 пайызға артты. Сондай-ақ, медициналық ұйымдардан коронавирус инфекциясына қатысты мұндай хабарламалар кеш жетті. Барлығы талданды, тәртіптік жаза қабыданды. Мәселе ерекше бақылауда», - деді Цой.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, тексеру жүргізілген аймақтарда айырмашылықтар 50-ден 200-300-ге дейін болды. Барлық ошақтар оқшауланып, науқастар қажетті ем алған.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстарда коронавирус инфекциясының жаңа жағдайларын жасыру фактілері анықталғанын мәлімдеді.

«Қалаған нәрсені шындыққа айналдыру өте қауіпті құбылыс екенін түсіну керек, өйткені ол нақты қауіптердің көрінісін бұрмалайды, сонымен қатар бүкіл ел бойынша COVID-19-мен күресу стратегиясын бұзады. Қазіргі жағдай дұрыс бағаланбайды, азаматтар арасында эпидемиологиялық қауіпсіздік төмендейді. Бұл қазірдің өзінде әлемнің көптеген елдеріне қатысты аксиома, онда осындай үрдіс байқалады. Бұл проблема біздің денсаулық сақтау жүйемізде созылмалы сипатқа ие болғанын мойындау керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қарашада.