$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.11.2020, 16:56
Үкімет

Ауасы ластанған 10 қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін не істелмек?

Алматының экологиясын жақсарту үшін 20 шара қарастырылған

Ауасы ластанған 10 қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін не істелмек?
Теміртау қаласы, көрнекі фото

24 қарашада өткен Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ауасы қатты ластанған еліміздегі 10 қаланы атады. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары.

Бүгін Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов ауасы ластанған қалалардың экологиялық ахуалын жақсарту үшін не атқарылатыны туралы баяндады.

«Өңірлердегі негізгі экологиялық проблемаларға атмосфералық ауаның, судың беткі бөлігің ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейінің төмендігі мен қоқыс алаңдарының толып кетуі, сонымен бірге бұрыннан келе жатқан ластану орындары жатады. Он қалада ластану индексі жоғары (7 мен 10 көрсеткіші арасында). Олар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Теміртау, Балқаш қалалары», - деді комитет төрағасы.

Комитет басшысының айтуынша, облыстардағы экологиялық ахуалды жақсарту бойынша жол картасы толық жүзеге асқан жағдайда, қалалардағы ластану индексі орташа деңгейге дейін төмендейді. Алматы қаласының экологиясын жақсарту үшін 20 шара қарастырылған екен.

«Негізгілері – ЖЭС-1 мен ЖЭС-3-ті және жеке секторларды газға көшіру, қоғамдық көліктерге біртіндеп дизель отынымен жүруге тыйым салу, жасыл желек аумағын 1427-ден 1928 гектарға дейін жеткізу және жел режимін зерттеп, соның нәтижесі бойынша қаланың архитектуралық келбетіне қатысты ережені өзгерту, құрылыстың бос жоспарына түзетулер енгізу жұмыстары. Осы шаралардың нәтижесінде қалдықтар көлемі 144 мың тоннадан 79 мың тоннаға (44%-ға) дейін азаяды. Сонда ластану индексі жоғары 8 көрсеткішінен 6-ға түседі», - деді З.Жолдасов.

2024 жылға қарай жол картасындағы іс-шаралар нәтижесінде Ақтөбе мен Атырау облыстарындағы атмосфералық ауаның ластану индексі 7-ден 5-ке, ШҚО-да 7-ден 6-ға, Қарағанды облысында 9-дан 6-ға түседі деп болжанып отыр.

«Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін қазіргі 15%-дан 30%-ға дейін жеткізуге, 24 жаңа полигон салуға және толып кеткен 5 полигонды қалпына келтіруге және жоюға, ежелден ластанған жерлерді қалпына келтіруге және жоюға, 7 жаңа кәріздік тазарту кешенін салуға және 12 кәріздік тазарту кешенін қайта жаңғыртуға, елдімекендерде 15 млн және орман алқаптарында 2 млрд ағаш отырғызуға мүмкіндік береді», - деді комитет басшысы.

Серіктес жаңалықтары