Мамин Азия даму банкінің жаңа басшысын қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

АДБ соңғы 26 жылда Қазақстанға 5,1 млрд доллардан астам қарыз бөлген

Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Асқар Мамин Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Нариман Маннапбековті қабылдады. Ол жақында осы лауазымдағы Джованни Капаннеллиді алмастырды. 

Тараптар инфрақұрылымды, шағын және орта бизнесті, денсаулық сақтауды дамыту және пандемия салдарының Қазақстан экономикасына әсерін азайту жобаларын іске асыруда Қазақстан мен АДБ-ның одан әрі ынтымақтастығын талқылады.

1994 жылдан бастап АДБ Қазақстанда қаржы, инфрақұрылым, энергетика, коммуналдық қызметтер секторы және басқа да салаларды дамыту жөніндегі мемлекеттік жобаларды іске асыруға 5,1 млрд доллардан астам қарыз бөлді.

АДБ $50 млн-ға шағын және орта бизнесті дамыту, көлік және ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы 100-ге жуық техникалық көмек жобасын қаржыландырды. Көлік, коммуналдық қызметтер, мал шаруашылығы және т. б. салалардағы жеке сектор жобаларын іске асыруға $628 млн-нан астам қаражат бөлінді.