Жамбыл облысында әкімдер игерілмей жатқан жерлер туралы ақпаратты жасырған

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста 400 мың гектар жер пайдаланылмай жатыр

Жамбыл облысына қарасты аудандардың әкімдері игерілмей қалған жерлердің статистикасын жасырып келген. Олар өздері тікелей бағынатын облыс басшыларына жалған мәлімет беріп келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Салалық басқармалар мен аудандық әкімдіктерге пайдаланусыз жатқан жерлерді айналымға қайтару бойынша жұмыстарды жүргізу жыл басында тапсырылған. Бердібек Сапарбаев тапсырманың орындалу барысын талқылап, жалған статистика беруден жалықпайтын аудан әкімдерін сынға алды.

Жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясының мәліметінше, биыл 72 155 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 5 390 гектар егістік және 66 765 гектар жайылымдық жер бар. Бұдан бөлек Шу, Сарысу, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарында игерілмей бос жатқан жерлердің үлкен көлемі анықталған. Байзақ, Жуалы, Меркі, Жамбыл және Талас аудандары да жерді игеруден кенже қалып отыр.

«Пайдаланусыз жатқан жерлерді анықтау және айналымға енгізу – жергілікті әкімдіктердің функцияларының бірі. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, олардың бәрі бірдей бұл мәселеге тиісінше көңіл бөліп отырған жоқ. Кейбір әкімдіктер пайдаланусыз жатқан ауылшаруашылық жерлерінің көлемі туралы нақты цифрларды жасырып, жалған мәліметтер жолдайды. Мәселен, Қордай ауданының әкімдігі игерусіз жатқан 15,5 мың гектар жайылым бар деп хабарлағанымен, тексеру кезінде 99 мың гектар жер анықталған. Осындай сәйкессіздіктер Сарысу, Т.Рысқұлов және Шу аудандарының әкімдіктері ұсынған ақпараттарда да кездесті», - деді Жамбыл облысы жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабек.

Жалпы, облыс бойынша пайдаланусыз жатқан 400 мың гектарға жуық жайылымдық жер анықталған. Ал, бұл көрсеткішті жасырған жергілікті әкімдіктер бар-жоғы 107 гектар жер бос жатыр деп ақпарат берген. Тексерушілер иесіз көптеген жерді анықтапты. Мысалы, Меркі ауданында – 1 247 гектар, Талас ауданында – 1 193 гектар, ал Қордай ауданына 559 гектар жердің пайдаланусыз жатқаны белгілі болған. Ол бойынша құжаттар рәсімдік іс-қимылдар жүргізу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жіберілген.

Жұмысы сылбыр аудан әкімдері жоғалған уақыттың орнын толтырып, тапсырманы жыл соңына дейін орындауға уәде берді. Онлайн жиын барысында Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінен ауылшаруашылық жерлеріне бір айдың ішінде толық объективті тексеріс жүргізуді талап етті.

«Жер айналымда болуы керек, оны ұтымды ұқсатып, барынша өнімділік тұрғыда пайдаланған абзал. Бізге егіс алқабын кеңейту, ауыспалы егістік бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Өңірді өз өнімдерімізбен толық қамтамасыз етуге күш салуымыз керек. Азық-түлік қауіпсіздігі – қазіргі кездегі маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі. Ұсақ шаруа қожалықтарын агрохолдингтерге біріктіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Әрбір ауданда ауылшаруашылық техникасымен және жабдықтарымен қамтамасыз етілген екі-үш аграрлық бірлестік болуы тиіс. Келер жылы жақсы өнім жинау үшін тиісті жұмыстарды бүгіннен бастау керек. Сапасыз тұқымдардан бас тартып, техниканы реттеп, тыңайтқыштар қолдану, су ресурстарын, оның ішінде суды үнемдейтін технологияларды енгізуге қазірден қамданған дұрыс», - деді облыс басшысы.

Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы