Индустрия министрі маска өндірісінің көлемін тәулігіне 2 млн данаға жеткіземіз деп сендірді

Автор: Azattyq Rýhy

Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланды

фото: gov.kz

Алдағы бес жылда медицина саласында 30 жаңа өндіріс орны іске қосылмақ. Сондай-ақ 2021 жылға қарай медициналық маскалар өндірісінің көлемі тәулігіне екі есе, екі миллион данаға дейін ұлғаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

«Біріншіден, құны 180 млн АҚШ долларын құрайтын кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосып, 2 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланды. Екіншіден, фармацевтика саласының өндіріс көлемі 2,5 есеге артып, 92 млрд-тан 230 млрд теңгеге дейін жетеді. Оған қоса, 2021 жылдың бірінші тоқсанына қарай отандық кәсіпорындардың бір реттік маска бойынша өндірістік қуаты тәулігіне 2 есеге ұлғайып, 1 млн нан 2 млн данаға дейін, қорғаныс костюмдері бойынша 2 есеге артып, айына 500 мыңнан 1 млн данаға жетеді. Сондай-ақ жыл соңына қарай қолғап бойынша өндіріс көлемі тәулігіне 330 мыңнан 530 мыңға дейін ұлғайтылады», - деп хабарлады Атамқұлов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, министр дәрілік заттар экспортының көлемі үш есе - 58-ден 174 миллион долларға дейін өсетінін айтты.

«Жоғарыда аталған барлық іс-шаралардың орындалуы Қазақстанның ішкі нарығындағы отандық өндірушілер өнімінің үлесін бірінші кезекте қажетті дәрілік заттар бойынша ағымдағы 39-дан 50 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етеді, бұл ДДҰ ұсынымына сәйкес келеді», - деді министр.

Аталған іс шаралардың бәрі фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде жасалмақ. Жоспардың іс-шаралары мүдделі министрліктермен, жергілікті атқарушы органдармен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және салалық қауымдастықтармен бірлесіп іске асырылады.

Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан