Министрлік алдағы үш жылға арналған жоспарды әзірледі
Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын дайындады. Ведомство басшысы Сапархан Омаровтың айтуынша, ішкі нарықты қамтамасыз ету мониторингі азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрі бойынша жүргізілуде.
«Оның ішінде 12 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100% және одан да көп қамтамасыз етілген (картоп, қияр, күріш, қой еті, қарақұмық, жұмыртқа, ұн, нан, макарон өнімдері, сүт және тұз – авт.). 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз етілу 80% құрайды (сәбіз, қырыққабат, қызанақ, сиыр еті, пияз, бұрыш, сиыр еті, сүт өнімдері, сұйық және сары май – авт.). Бұл халықаралық ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) жіктемесі бойынша өзін-өзі қамтамасыз етудің жеткілікті деңгейі», - деді министр.
Министрдің айтуынша, тек алты азық-түлік тауары бойынша өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру бойынша шараларды іске асыру қажет.
«Бұл – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық. Бүгінгі таңда министрлік ішкі нарықты отандық өніммен молықтыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын дайындады. Әрбір бағыт бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы анықталды», – деп түйіндеді ол.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан