COVID-19: Балаларға, қарттарға және жүкті әйелдерге егуге болмайтын ресейлік вакцинаны Қазақстан әлі сатып алмайды

Ресейдегі сынақтың үшінші фазасы аяқталған соң ғана оны сатып алу туралы сөз қозғауға болады

COVID-19: Балаларға, қарттарға және жүкті әйелдерге егуге болмайтын ресейлік вакцинаны Қазақстан әлі сатып алмайды
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан тарапы Ресей ғалымдары ойлап тапқан «Спутник V» вакцинасын сатып алу туралы нақты келісімге әлі қол қойған жоқ. Вакцина Ресей Федерациясында сынақтың үшінші фазасынан өтсе ғана, тасымалдау туралы сөз болады. Бүгін Үкіметте брифинг өткізген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр осылай деді.

Бірақ тамыз айының соңында Ресейге барған Қазақстан делегациясы «алдын ала келісімге қол қойып кеткен». Склярдың айтуынша, «егер вакцина сәтті шыққан жағдайда, осы келісім вакцинаны алғашқылардың бірі болып сатып алуға мүмкіндік береді» екен.

Айта кетейік, 3 қыркүйек күні Үкіметте өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов «Ресей ғалымдары жасаған Спутник-V вакцинасының кейбір адамдар үшін кері әсері бар» деген болатын. Мәселен, екпені жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға, 18 жасқа толмаған балалар мен созылмалы сырқаты бар 60 жастан асқан кісілергі салуға болмайды.

«Қазақстан кері әсері көп осы вакцинаны сатып алу туралы келісімге неге қол қойды?» деген журналист сұрағына жауап бере отырып, Премьер-министрді орынбасары Роман Скляр әлі нақты шешім қабылданған жоқ дейді.

«Ия, осы жылдың 24 тамызында біз Үкімет делегациясының құрамында бола отырып, алдын ала келісімге қол қойдық. Ол келісімге сәйкес, Ресей Федерациясы вакцинаны алғашқы елдердің бірі болып Қазақстанға сатуға міндеттеледі. Бірақ тек сынақтың үшінші фазасы өткеннен кейін ғана. Қазір вакцина екі фазада сыналды. Желтоқсан айына дейін аяқталады деп отырған сынақтың үшінші фазасы осы (жүкті әйелдер, балалар, қарттар мен емізулі баласы бар аналар - авт.) топтағы адамдарға салынады. Міне, сол сынақтардың бәрі ойдағыдай өтсе ғана, біз сатып алу туралы нақты шешім қабылдаймыз. Ал тамыз айындағы алдын ала келісім – вакцинаны ең біріншілердің бірі болып алуға деген ниет қана», - деді Скляр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.