Зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін кімдер және қанша алатыны анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

30 жас пен 59 жасқа дейінгі аралықтағы салымшылардың қанша алатыны айтылды

Фото: Батыржан Беспаев

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда қай жастағы азаматтар зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін қанша көлемде пайдалана алатынын хабарлады.

«Алдын ала есептеу бойынша, 30 жастағы азамат үшін шекті ақша – 2 млн 518 мың теңге, 35 жастағы азамат үшін – 2 млн 961 мың теңге, 40 жастағы азамат үшін – 3 млн 437 мың, 45 жастағы азамат үшін – 3 млн 947 мың, 50 жастағы азамат үшін – 4 млн 495 мың, 55 жастағы азамат үшін – 5 млн 84 мың, 59 жастан асқан азамат үшін 5 млн 586 мың теңге болғанда, ол азаматтар қалған ақшасын тиісті мақсатта пайдалана алады», - деп хабарлады.

Министрдің айтуынша, шекті баға ерлер мен әйелдер үшін бірдей белгіленіп отыр. 

«Бұл жерде жеткілікті шекте әйелдер мен ерлер үшін бірдей жас белгілеп отырмыз. Жеткілікті шектің мөлшері жыл сайын есептеліп отырады. Жеткілікті шектің мөлшері әр жасқа бөлек белгіленеді. Мысалы, алдын ала есептеу бойынша отыз жастағы азаматтың бүгінгі есепшотында болуы қажет жеткілікті шек 2 млн 518 мың теңге болып отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр алдын ала нұсқа бойынша ер азаматқа 6 млн 700 мың, әйел азаматқа 9 млн 600 мың деп айтқан едік. Ал қазір отыз жастағы ер адамға да, әйелге де 2 млн 518 мың теңге деп есептеп отырмыз. Бұл алдыңғы есептен бірнеше есеге аз», - деп түсіндірді Еңбек министрі.

Еске сала кетейік, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында 2021 жылы БЖЗҚ-ның 700 мың салымшысы өз жинағының белгілі бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алатынын немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алатынын хабарлаған еді

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан