Бүгін үкіметте мемлекеттік сатып алудағы отандық өнімнің үлесі талқыланды
Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов бюджеттің ақшасына тек отандық өнім сатып алу керек екеніне баса назар аударды. Премьер бұл қарапайым ғана қағида екенін айтып, әкімдерге ескеруді өтінді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Премьер-министр қазақстандық өнімдердің баламалары бола тұра, импорттық тауарларды сатып алу мемлекеттің мүддесіне қайшы деп санайды.
«Жалпы қарапайым сөзбен айтсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек, ол ақшаға алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Болды. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек. Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз oны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол - мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді айту керек. Үкімет мүшелеріне және өңір басшыларына айтатыным, ескеріңіздер», - деді Бектенов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырған болатын.