Экологиялық талаптарды ескермеген Жаркенттегі зауыт жабылуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Экология министрлігі Жаркент қаласындағы жағымсыз иіс мәселесін шешпек

фото: voxpopuli.kz

Экология министрлігінің арнайы комиссиясы Алматы облысына аттанып кетті. Жергілікті тұрғындар зауыттың тазарту қондырғыларынан ауаға тарайтын жағымсыз иіске бірнеше рет шағымданған.

«Біз қоқыс жиналатын сүзу алаңдарын аралаған кезде, іркіліп қалған ластаушы заттардың барын анықтадық. Одан кейін жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, зауытты араладық. Бар мәселе оның жеке қоқыс тазарту құрылғысынсыз жобаланғанында болып шықты. Қалалық, коммуналдық тазарту нысандарына сенген. Алайда, 2018 жылы қалалық коллектор ластаушы заттардың көптігінен, кәсіпорынға қызметін ұсынудан бас тартқан. Коллектор ол көлемге шыдас бермеген. Сондықтан компания коллекторын салғанымен, қалдықты тазартпай, тікелей, сүзу алаңына құбыр арқылы жіберген», - дейді ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов.

Нәтижесінде, жүгері өңдеуден қалған қалдықтың көп бөлігі сүзу алаңында быжып, бүлінген иіс шыға бастаған. Сөйтіп, күкіртсутек шығарындысы пайда болғандықтан, жергілікті тұрғындар бұдан зардап шегуде.

«Экология министрлігі жүргізген тексеру барысында кәсіпорынның тиісті экологиялық сараптамасыз жұмыс істегені белгілі болды. Сол үшін оған айыппұл салынды. Сонымен қатар, Экология министрлігі кәсіпорынды жақын арада толықтай тексеріп шығу туралы шешім қабылдап отыр. Шығарынды деңгейінің шамадан асуы расталса, онда оны төгуге тыйым салудан бастап, кәіпорынды жабуға дейін мәселе қойылады», - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, министрлік кәсіпорын шығарынды төгілген сүзу алаңын қалпына келтіруді талап етіп отыр. Ал, компания басшылығы тазарту құрылыстарының салынып жатқанын айтып, оны тамыз айында іске қосу жоспарланғанын хабарлады. Кәсіпорын өндірісті өз еркімен әзірге тоқтата тұрады.

Экология министрлігі кәсіпорынға жергілікті әкімдікпен бірлесіп, тазарту нысандарының құрылысын жүргізіп, аяқтау, одан ары міндетті түрде сүзілген шығарындыны ғана тастау, сүзу алаңын қалпына келтіру жөніндегі жол картасын әзірлеу туралы ұсыныс айтты.