Бағдат Мусин қазақстандықтарды сапалы интернетпен қамту үшін Үкіметтен тағы ақша сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде цифровизацияға бұған дейін де миллиардтаған теңге жұмсалған болатын

informburo.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі еліміздегі интернет жылдамдығын жақсарту үшін Үкіметтен тағы ақша сұрады.

Министрдің міндетін атқарушы Бағдат Мусиннің айтуынша, еліміздегі үш мегаполисте – Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Шымкентте радиожиілік спекторына талдау жүргізілген.

«Біз антенналық құрылғыларды нақты қай жерге орналастыру керек екенін анықтадық. Нұр-Сұлтанда – 18, Алматыда – 67, Шымкентте 43 орынға орнату керек. Біз бұл жерлерге антенна құрылғыларын орнату үшін жер телімдерін бөліп, электр желісін тартуға көмектесулеріңізді сұраймыз. Мұнан кейін әкімдіктермен бірге инвестор тауып, қалған жұмысты бітіреміз. Нәтижесінде, интернет жылдамдығы төмен жерлерде оны күшейтеміз», - деді Б.Мусин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, министрлікте радиожиілікті өлшейтін небәрі жылжымалы екі кешен ғана бар. Ал, зерттеу-талдау жұмыстарын Қазақстанның барлық аймағында жүргізу керек.

«Интернет ең негізгі қажеттіліктердің біріне айналғандықтан, оның сапасын арттыруға қосымша қаржы бөлуді сұраймыз, ол қаражатқа жылжымалы зерттеу кешендерін, автокөліктер сатып аламыз», - деді Б. Мусин.

Айта кетейік, соңғы оқу жылының соңғы тоқсанын қашықтан оқыған қазақстандық оқушылар интернет жылдамдығының төмендігіне жиі шағымданған болатын. Тіпті, әлеуметтік желілерде қыр басына барып сабақ оқып отырған балалардың видеосы да тарады. Осыған байланысты қоғам белсенділері цифровизацияға миллиардтаған теңгені жұмсаған экс-министр Асқар Жұмағалиев пен оның министрлігін қатаң сынады.