Қазақстанда 1,9 мың шақырым су және кәріз желісі реконструкцияланады

Автор: Аягөз Құрмаш

Осы бойынша 58 жоба толық дайын

Фото: istockphoto.com

Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елдегі сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының электрондық платформасына 330 млрд теңгені құрайтын 105 жоба енгізілген. Бүгінгі таңда оның 20-сы бойынша жұмыс басталып кетсе, 58 жоба іске асыруға толық дайын.

 «Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде 209 млрд теңгеге 516 жобаны қаржыландыру көзделген. Осы жұмыстардың нәтижесінде 1,9 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілері реконструкцияланып, олардың тозу деңгейі 43%-ға дейін төмендейді», - деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар, инженерлік желілерді жаңартумен бірге кәріз-тазарту құрылыстарын модернизациялау қатар жүргізіледі. Ұлттық жоба аясында бұл бағытта 800 млрд теңгеден астам сомаға 45 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.