Соңғы 6 айда интернет-дүкендерден 19,5 млн тауар сатып алынған
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин Үкімет басшысына онлайн-сауданы дамыту бойынша бірнеше ұсыныс берді.
Бағдат Мусиннің айтуынша, осы жылдың 6 айында интернет-дүкендерде тауарларды сатып алу саны 19,5 млн-ға жеткен. Қазақстандық интернет-дүкендерде сатып алу саны екі есеге — 7 млн-нан 14 млн-ға дейін өскен.
Электронды саудада: электроника, тамақ және өнімдер, киім, фармацевтика деген 4 негізгі бағыт бар. Барлығы отандық платформаларда жұмыс істейді.
Б. Мусин атап өткендей, нарықты талдау пандемия кезеңінде азаматтардың онлайн режимде тұтыну құрылымы өзгергенін көрсетіп отыр. Адамдар басымдық беретін тауар түрлері өзгерді. Киім мен косметика сатып алу көрсеткіші төмендеп, халық онлайн түрде азық-түлік, дәрі-дәрмек және балаларға арналған тауарларды көбірек сатып ала бастаған.
Электрондық сауданың негізгі элементтерінің бірі - есікке дейін жеткізу. Тұтынушылар тауарларды тез әрі ыңғайлы түрде алғысы келеді. Осы ретте Цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин кәсіпкерлерді онлайн-сауда бойынша оқытуды ұсынды.
«Еіміздегі барлық салада онлайн сервистерді одан әрі дамыту үшін, қазақстандық өндірушілерді онлайн жүйеге шығару бойынша белсенді жұмыс істеу ұсынылады. Сондықтан, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» ҰКП бірлесіп, Қазақстан бойынша кәсіпкерлерді онлайн-сату бойынша оқыту жөніндегі арнайы бағдарлама жасауға дайынбыз. Біз оларды AstanaHub-қа жинаймыз», - деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, Бағдат Мусин фармацевтика сегментін атап өтті. Бүгінде онлайн түрде антибиотиктерді сатуда проблемалар бар. Себебі, бұл онлайн-рецептураның болуын талап етеді.
«Ол үшін біз Денсаулық сақтау министрлігімен интернет дүкендерді телемедициналық және онлайн-рецептілер сервистерімен байланыстырамыз», — деді Б. Мусин.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан