Ералы Тоғжанов Маңғыстаудағы «СҚ-Фармация» қоймаларын тексерді

Автор: Azattyq Rýhy

Тексеріс барысында екі түрлі дәрінің бір айлық қорының тапшылығы анықталды

Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды тексеру үшін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Сапар барысында Ералы Тоғжанов облыстағы бірқатар медициналық мекемені аралап, өңірдегі медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді, сондай-ақ «СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларында дәрі-дәрмектер қорының болуын тексерді.

«СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларын тексеру кезінде КВИ мен пневмонияны емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектердің екі түрі - дексаметазон және преднизолон дәрілері бойынша бір айлық қорының тапшылығы анықталды. Осы мәселені шешу үшін «СҚ-Фармация» ЖШС-ына Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп медициналық мекемелерге тиелген дәрі-дәрмектерге аудит жүргізу, сондай-ақ қысқа мерзім ішінде дәрілік заттардың қажетті қорын қамтамасыз ету тапсырылды», - деп жазылған ақпаратта. 

Сонымен қатар үкіметтік делегация Ақтаудағы қонақ үйлердің бірінде медицина қызметкерлерінің тұру жағдайларымен танысты. Премьер-Министрдің орынбасары пандемия кезіндегі алдыңғы шептегі ерен еңбегі үшін медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.