Коронавирус бойынша жағдай тұрақталып келеді – Цой

Автор: Azattyq Rýhy

Жедел жәрдем шақырушылар 23%-ға азайған

фото: Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, wikipedia.org

Қазақстанда коронавирус анықталған адамдардың саны 73 468-ге жетіп, осы күнге дейін 585 адам қайтыс болды. Дегенмен, қатаң карантин шаралары әсерінен ахуал біртіндеп жақсарып келеді. Бұл жайында бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

«Соңғы аптада коронавирус жұқтыру мен өлім саны бойынша жағдайдың тұрақталуы байқалады. Тәулігіне 1500-1600 адамнан вирус анықталады. Осы айдың соңғы 3 аптасында жатын орындар саны 30,4 мыңнан 49,4 мыңға көбейді. Қосымша 5,3 мың инфекциялық жатын орын дайындалды. Осының нәтижесінде, медициналық көмектің қолжетімділігі артты», - деді ол баяндамасында.

Соңғы екі аптада қабылданған шаралар нәтижесінде, COVID-19 жұқтыратындар саны 4%-дан 2,1 %-ға азайып, жазылып шыққандар 60%-ға жеткен. Жедел жәрдем шақырушылар 23%-ға, провизорлық жатын орындардағы науқастар 20%-ға, реанимацияда жатқандар 6%-ға төмендеген.

Министрдің айтуынша, 2962 жедел жәрдем бригадасы құрылған, оның саны жыл соңына дейін 3500-ге жеткізілмек.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан