Қазақстанда экономика салаларын роботтандыру бойынша жобалық офис құрылады

Автор: Нұргүл Абай

Былтыр өндіріс ошақтарында үш жүзден астам робот орнатылған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп өндірісіне роботтарды енгізу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, машина жасау саласында инновацияны дамытудың басты бағыттарының бірі – өндірісті роботтандыру. Қазір елімізде өнеркәсіптік роботтар тығыздығы 10 мың жұмысшыға шаққанда шамамен 7 бірлікке тең. Бұл әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен едәуір төмен көрсеткіш.

«Осыған байланысты өндірісте роботтандыруды дамыту және кадр тапшылығын азайту мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Олардың ішіне автоматтандырылған өндірісті басқару жүйесі, деректерді талдау, жасанды интеллект, цифрлық платформалар, сондай-ақ өнеркәсіптік роботтар мен машиналық көру жүйелері бар», — деді Нағаспаев Үкімет отырысында.

Былтыр еліміздегі өндіріс ошақтарында FANUC және ABB роботтарын қоса есептегенде үш жүзден астам робот орнатылған. Мәселен, KIA Qazaqstan зауытында 68 робот, Astana Motors-та 54 робот жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, «Digital Kazakhstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында экономика салаларын роботтандыру бойынша жобалық офис құру жоспарланып отыр, деп атап өтті министр.