Болашақта мұнай-газ секторының экономика өсіміне қосатын үлесі төмендейді деп болжанып отыр
Қазақстанда инвестициялардың жалпы ішкі өнімге қатынасы қазіргі 14-15 пайыздан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғаяды. Осылайша 2025–2029 жылдар аралығындағы жиынтық инвестиция көлемі 400 млрд долларына жетпек. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұманғариннің айтуынша, былтыр ел экономикасы тұрақты әрі сапалы өсім көрсеткен.
«Орта мерзімді перспективада мұнай-газ секторының жалпы ішкі өнімнің өсіміне қосатын үлесі біртіндеп төмендейді. Бұл төмендеу өңдеуші өнеркәсіптің, құрылыс, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ секторынан басқа салалардың озық дамуымен өтеледі. Құрылымдық өзгерістер қазірдің өзінде айқын байқалуда. Егер 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,3% болса, 2024 жылы ол 12,4%-ға дейін өсті. Сонымен қатар тау-кен өндіру секторының үлесі екі есеге жуық – 19,5%-дан 12%-ға дейін, оның ішінде мұнай мен газ өндіру үлесі 16,5%-дан 8,1%-ға дейін қысқарды», - деді вице-премьер Үкімет отырысында.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін бізге инвестициялар көлемін ұлғайту қажет, деп атап өтті Жұманғарин.
«Ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың Жалпы ішкі өнімге қатынасы қазіргі 14–15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғаяды. Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс. Көрсеткіштің 2029 жылға қарай 23%-ға дейін кезең-кезеңімен өсуі қосымша 120 млрд АҚШ доллары мөлшерінде қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, осылайша 2025–2029 жылдар аралығындағы жиынтық инвестициялар 400 млрд АҚШ долларына жетеді», - деді ол.
Бұл үшін бірқатар перспективалы бағыттар айқындалған:
Осы жобалар елдегі еңбек өнімділігінің орташа деңгейін арттырады, бұл «орта табыс тұзағын» еңсеру және жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің одан әрі өсуі үшін қажет негізгі шарттардың бірі, деп мәлімдеді министр.