Қазақстанда жаңа өндірістік нысандарға инфрақұрылым салу үшін 1 трлн теңге инвестиция тартылады

Автор: Нұргүл Абай

Қаражат Ислам даму банкінен алынады

Фото: istockphoto.com

Үкімет арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылымды 100% қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдап жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов президенттің төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бектенов экономиканың қол жеткізілген өсу жылдамдығы инфрақұрылымды озық қарқынмен дамытуды талап ететінін атап өтті. Дегенмен арнайы экономикалық аймақтардың өзінде инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз ету деңгейі небәрі 53%-ды, ал индустриялық аймақтарда бұл көрсеткіш 48%-ды құрайды.

Осыған байланысты Үкімет арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылымды жедел дамыту бойынша бірқатар қажетті шешім қабылдауда.

«АЭА мен ИА-ны инфрақұрылыммен 100% қамтамасыз ету үшін қажетті шешімдер қабылданды. Алдағы үш жыл ішінде Ислам даму банкі қаражатын тарту есебінен жаңа өндірістік нысандарға қажетті  инфрақұрылым салуға 1 трлн теңге көлемінде инвестициялар тартылатын болады» — деді Үкімет басшысы.