Үкімет жалақыны арттыру үшін кешенді шаралар әзірлеп жатыр
Премьер-министр Олжас Бектенов президенттің төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың жалақысы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Азаматтардың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сәйкес келмеді. Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесінің көрсеткіші шамамен отыз пайыздан асып тұр, бұл көрсеткіш Орталық Азия елдері арасында жоғары саналады. Алайда біздің мақсатымыз – әлемдік орташа көрсеткішке, яғни қырық пайызға жету. Жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде өз күшімен және мемлекеттік қолдау есебінен алынған кіріс динамикасынан артта қалып отыр», - деді Бектенов.
Айтуынша, осыған орай Үкімет халық табысын арттыруға бағытталған кешенді шаралар әзірлеп жатыр. Оның аясында қаржылық, салықтық және өзге де ынталандыру тетіктері қарастырылып, еңбекақыны өсіруге, лайықты жалақы төленетін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға басымдық берілуде.