Туризм министрлігі курорттық аймақтарға тексеріс жүргізген
Туризм саласында негізгі көрсеткіштер өскеніне қарамастан, еліміздің бірқатар курортында инфрақұрылым, абаттандыру және қауіпсіздікке қатысты жүйелі мәселелер әлі толық шешілмеген. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Негізгі көрсеткіштердің өсу үрдісіне қарамастан, бұл салада әлі де бірқатар шешілмеген жүйелі мәселе бар. Ең алдымен, бұл – курорттық аймақтардың инфрақұрылымы», - дейді ол Үкімет отырысында.
Айтуынша, президенттің тапсырмасына сәйкес Президент Әкімшілігі ме Үкімет аппаратының инспекторлары Бурабай, Баянауыл, Қатон-Қарағай, Балқаш, Қапшағай, Алакөл (Абай мен Жетісу облыстары), Маңғыстау (Каспий теңізінің жағалауы) курорттық аймақтарына тексеріс жүргізген.
«Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарындағы курорттық аймақтарда сумен қамтамасыз ету және орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселелері әлі де шешілмеген. Суды, соның ішінде ұңғымаларды пайдалану мәселесіне арнайы назар аудару қажет. Бұл мәселе, әсіресе, Алакөл жағалауында аса өзекті болып тұр. Алакөл көлінің екі беттегі жағалауында да жағаны бекіту жұмыстарын жүргізу қажет. Мысалы, Абай облысындағы бірқатар демалыс базасы қауіпті жерде, оларға су тым жақындап қалған. Осыған байланысты бұл мәселені шешуді кейінге қалдыруға болмайды. Сонымен бірге Каспийдің және Жетісу облысындағы Алакөл жағажай аймақтарында судың түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет», - деп мәлімдеді Мырзабосынов.
Сондай-ақ кейбір курорттар туристер санының көбеюіне дайын болмай жатыр.
«Бурабай курорттық аймағында маусымның қызған шағында кептеліс болады. Ал Балқаш көлі бағытында жол бойындағы сервис объектілері жетіспейді, жанармай тапшы, яғни жанармай құю станцияларында сағаттап тұратын кезектер байқалады», - деді министр.
Бұған қоса, барлық дерлік курорттық аймақта қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жоқ.
«Осы мәселелердің бәрін шешу үшін басым туристік аумақтардағы инфрақұрылым жобаларын жалпы ел үшін маңызы бар және аса маңызды объектілермен теңестіру ұсынылады. Басым туристік аумақтар бойынша тиісті түзетулер қазір Сенатта қаралып жатыр. Ұлттық экономика министрлігіне өз қағидаларына өзгеріс енгізуді тапсыруды сұраймыз», - деді Мырзабосынов.
Тағы бір мәселе – демалыс орындарында дәретханалар мен қоқыс контейнерлерінің болмауы.
«Өңірлер бұл мәселенің шешілгені және жалпы саны 60 санитарлық-гигиеналық торап орнатылғаны туралы есеп берді. Алайда қайта тексерген кезде олардың көбі жабық болды және желілерге қосылмаған екен», - дейді ведомство басшысы.
«Аймақтарда инспекторлық топтардың жетіспеуі қатты сезіледі. Облыстағы бүкіл акваторияны көлік инспекциясының (Көлік министрлігі) бір қызметкері ғана қадағалайды. Осының салдарынан қауіпсіздік тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Қайықтарды куәліксіз және құтқару құралдарынсыз пайдаланған фактілер анықталған. Құтқару мұнаралары мен медициналық пункттер жоқ, жалпы су көлігінің қызметі реттелмеген», - деп жалғастырды сөзін Мырзабосынов.
Айтуынша, осы мәселелердің шешілмеуі салдарынан былтырғы маусымда туристердің денсаулығы мен өміріне қатер төндірген жазатайым оқиғалар мен төтенше жағдайлар тіркелген.
Туризм министрлігі әкімдіктерге ұлттық стандарттың талаптарын берген. Бұл стандарт тазалықты, қауіпсіздік пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
«Осыған байланысты әкімдіктер жағажай аймақтарын пайдалану мен дамыту стандартында көрсетілген талаптардың сақталуын қадағалауды күшейтуі керек. Сонымен бірге курорттық аумақтарды көркейту жобаларын жоспарлаған және іске асырған кезде де осы нәрселерді міндетті түрде ескеру қажет. Бұдан бөлек, бірыңғай стильді ұстану бойынша ұсынымдар да әзірленді. Әкімдіктер жергілікті аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып, әр курорттық аймақтың дизайн-кодын бекітуді ұсынамыз. Қонаев, Павлодар қалаларында және Бурабай курорттық аймағында стандарттарға сәйкес осындай жағажай үлгілері бар. Тәжірибе алмасу мақсатында басқа аймақтардың өкілдеріне арнап Қонаев қаласының қалалық жағажайына барып, көріп қайту шарасы ұйымдастырылды. Осы тәжірибені барлық жерде енгізген жөн», - деп санайды Мырзабосынов.
Туризм саласындағы жүйелі мәселелерді шешу үшін 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасы жобасы әзірленген. Құжат курорттық аймақтарды қажет инфрақұрылыммен жабдықтауға және туристердің демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар кешенін қарастырады. Жол картасы жобасы 8 бөлімнен тұрады және 119 іс-шараны қамтиды. Жоба мемлекеттік органдармен алдын ала келісілді, деп атап өтті министр.
Мырзабосынов премьер-министрден «әкімдіктерге Жол картасын белгіленген мерзімде іске асыруды тапсыруды» сұрады.
Туризм министрлігі маусым басталғанға дейін курорттық аймақтарды тексеру жұмысын жалғастырмақ.