Талғат Ғазизов ұлттық компанияға жуырда келген
Премьер-министр Олжас Бектенов «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизовқа жаңа қызметінен нақты нәтиже күтетінін ашық мәлімдеді. Үкімет басшысы оған нәтиже болмаса, қызметпен қош айтысуға тура келетінін қатаң ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін Үкімет отырысында «Kazakh Tourism» компаниясының басшысы туризмді дамыту мәселелері бойынша баяндама жасаған. Сөз соңында премьер-министр Олжас Бектенов оған ескерту жасады.
«Талғат Жанатұлы, сіз бұл қызметке жаңадан келіп отырсыз. Бірақ оған қарамастан өзіңізден нақты нәтиже күтеміз. Нәтиже болса, әрі қарай жұмыс істей бересіз. Нәтиже болмаса, қошатасамыз. Келістік пе?», - деді премьер.
«Келістік», - деп қысқа қайырды Талғат Ғазизов.
Талғат Ғазизов 2026 жылғы 16 қаңтарда «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл шешімді директорлар кеңесі қабылдаған. Бұған дейін ол «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарған. Осы лауазымда ол 2023 жылдан бері жұмыс істеді.