Мемлекет уақытша араласады әрі салған ақшасын кері қайтарып алады
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктер дағдарысқа ұшырағанда, яғни төлем қабілетін жоғалтқанда, мемлекет пен реттеуші органдар қалай әрекет ететінін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төлем қабілетін жоғалтқан банктерді реттеудің жаңа тетігі «Қазақстандағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасында ұсынылған. Мемлекет банктердің күйреуін болдырмау және салымшылардың ақшасын қорғау үшін жаңа жүйе енгізіп жатыр. Бұл – Еуропа одағы, АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдерде енгізілген халықаралық стандарт. Реттеу тетігі үш кезеңнен тұрады.
«Біріншіден, реттеу тетігі дағдарысқа қарсы үш режимнен тұрады: күшейтілген қадағалау, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банкті реттеу. Режимдердің өзгеруі алдын ала белгіленген триггерлер бойынша жүзеге асырылады, бұл реттеушінің уақытылы әрекет етуін және олардың болжамдылығын қамтамасыз етеді.
Екіншіден, банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін жаңа құралдар, яғни қалпына келтіру және реттеу жоспарлары енгізіледі. Бұл құжаттар банкті дағдарыстан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды айқындайды. Жоспарларды әзірлеу және жыл сайын жаңарту банктердің, сол сияқты реттеушінің де міндеті болады.
Үшіншіден, банк төлемге қабілетсіз деп танылған жағдайда, оның қызмет етуін реттеу мен бағалаудың нақты рәсімі белгіленеді», - деді Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, жүйелік емес банктер үшін банкті жаңа инвесторға сату, активтер мен міндеттемелерді, оның ішінде тұрақтандыру банкіне беру, сондай-ақ міндеттемелерді капиталға айырбастау құралдары көзделген. Ал жүйелік маңызы бар банктер үшін олардың міндеттемелері есебінен шығындарды игерудің жаңа тетігі қарастырылып отыр.
«Жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде ең алдымен акционерлік капитал есептен шығарылады, яғни банк акционері банкке иелік етуден толығымен айырылады. Одан кейін аталған тетік аясында басқа кредиторлардың барлық міндеттемесі есептен шығарылады. Бұл шаралар қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру үшін әлі де жеткіліксіз болса, мемлекеттің капиталға кіру мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл шешімді Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес банктің қаржылық тұрақтылыққа әсерін, сондай-ақ халық пен бизнес салымдарының сақталу қажеттілігін ескере отырып қабылдайды», - деп түсіндірді агенттік төрағасы.
Мемлекеттің араласуы уақытша, өтеулі және көлемі бойынша шектеулі болады. Мемлекет араласқан жағдайда ескі басшылық пен акционерлер ауыстырылады; дивиденд пен бонустар төлеуге тыйым салынады; тәуекелді операцияларға шектеу қойылады; қаржылық сауықтыру жоспары міндетті түрде орындалады.
«Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады. Мемлекетте шығындар туындаған жағдайда, оларды өтеу банк саласы есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл әділ және тепе-тең жауапкершілік қағидатын көрсетеді, оған сәйкес банк жүйесін тұрақтандыруға жұмсалатын шығыстар мемлекеттік бюджет пен салық төлеушілерге емес, нарыққа қатысушыларға жүктеледі», – деп түсіндірді Әбілқасымова.