Мұнайдың осы түрлерін жер қойнауынан шығару өте қиын әрі қымбат
Парламент Мәжілісі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заң жобасына сәйкес, енді еліміз өндіруі қиын мұнай түрлерін, яғни ауыр және тақтатас мұнайын өндіреді. Депутаттардың айтуынша, мұндай мұнайды жер қойнауынан шығару өте қиын әрі қымбат, себебі ол үшін қымбат технологиялар қажет.
«Заң жобасының тағы бір жаңалығы – ауыр және тақтатас мұнайы (сланцевая нефть) сияқты өндіруі қиын көмірсутектерді игеруді ынталандыру. Мұндай кендерді игеру қымбат технологиялар мен арнайы экономикалық жағдайларды талап етеді. Депутаттар осындай жобалар үшін жетілдірілген үлгілік келісімшарттың критерийлерін кеңейтуді ұсынды, өйткені тиісті қолдау шараларынсыз бұл жобаларды іске асыру экономикалық жағынан тиімсіз болады», - деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуынша, Үкімет бұл бастаманы қолдаған. Осылайша орта мерзімді перспективада Шығыс Қазақстан облысындағы Сарыбұлақ (ауыр мұнай) және Қызылорда облысындағы Қарағансай (тақтатас мұнайы) кен орындары игеріледі. Олардың жиынтық алынатын мұнай қоры А,В,С1 + С2 санаты бойынша – 18,7 млн тонна.
«Заң жобасында мұнайбергіштікті арттыру әдістерін қолдану жөнінде жеке норма қарастыру және арнайы әдістер енгізетін жер қойнауын пайдаланушыларға ынталандыру шараларын қолдану мүмкіндігін беру ұсынылады», - деді депутат.
Сарапшылардың бағалауынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өндіруші кен орындарында заманауи мұнайбергіштікті арттыру әдістерін қолдану 2050 жылға дейін қосымша 14-тен 25 млн тоннаға дейін мұнай өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ескі кен орындарының тиімді пайдалану мерзімін ұзартып, жұмыс орындарын сақтауға ықпал етеді, деп атап өтті Жаңбыршин.