Енді салық органдары қазақстандықтардың несиесі туралы ақпарат алып отырады

Автор: Бақыт Шынар

Салық комитеті бұл деректерді декларация қабылдап алғанда салыстырады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржы министрлігі азаматтардың микрокаржы және коллекторлық ұйымдар алдындағы берешегі туралы мәліметтерді беру тәртібін бекітті. 10 қарашадан бастап кредиттік бюролар мұндай деректерді Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) ұсынуға міндетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 қазандағы бұйрығына сай, кредиттік бюролар микрокаржы және коллекторлық ұйымдарға қарызы бар жеке тұлғалар жөніндегі ақпаратты кірістер комитетіне жолдайды. Осылайша, салық органдары активі, міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті азаматтардың несиесі туралы ақпарат алып отырады.

Мұндай тұлғалардың тізімін салық органдары жыл сайын 25 қарашаға дейін алдыңғы жылдың 31 желтоқсанындағы деректер негізінде қабылдап алмақ. Кейін 10 күнтізбелік күн ішінде азаматтардың ЖСН-і Smart Data Finance жүйесі арқылы кредиттік бюроларға жіберіледі. Ал бюро өз кезегінде 10 жұмыс күні ішінде МКК-ға кредиттік есептен алынған мәліметтерді ұсынуға тиіс. Оған қарыз сомасы, микрокаржы ұйымы немесе коллекторлық компанияның атауы, несие шартының күні мен нөмірі, сондай-ақ есепті күнге қалған берешек көлемі кіреді.

«Комитет пен кредиттік бюролар алынған деректерді өңдеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген салықтық және өзге де құпия ақпаратты жария етпеу және оның таралуына жол бермеу талаптарын сақтауға міндетті», - деп жазылған бұйрықта.

Аталған бұйрық 10 қарашадан бастап күшіне еніп, 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады.