Жанарбек Әшімжанның айтуынша, қаланың инфрақұрылымына қатысты жоспарды пысықтау керек
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Алатау қаласының Бас жоспарын кестеге сай орындау мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлік даму және агломерациялық мәселелерге ерекше назар аударып келеді. Президенттің саяси ерік-жігері мен нақты тапсырмаларының нәтижесінде елімізде жаңа облыстар, қалалар мен аудандар құрылып, өңірлік басқарудың жаңа деңгейі қалыптасып жатыр. Солардың бірі – Алматы агломерациясының өзекті мәселелерін шешу мақсатында құрылған Алатау қаласы. Бұл – стратегиялық маңызы зор, келешекке бағытталған ірі жоба. Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында «бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет», – деп атап өтіп, қаланың институционалдық негіздерін қалыптастыруды, сондай-ақ арнайы мәртебесін айқындайтын заң жобасын Парламент қарауына енгізуді тапсырды. Президенттің бұл бастамасы – өңір халқы мен Алатау жұртшылығына деген шынайы жанашырлық пен стратегиялық көзқарастың айқын көрінісі», - дейді Әжімжан.
Оның мәліметіне сүйенсек, үкімет қаланың Бас жоспарын бекіткен. Бірақ, жергілікті атқарушы органның әлсіз жұмысынан бола кейбір жобалардың жобалық-сметалық құжаттамасы кешігіп жатқан көрінеді.
«Қаланың құрылғанына 1,5 жыл өтсе де, көптеген жобалардың жобалық-сметалық құжаттамалары кешігіп жатыр. Оның ішінде, Заречный мен Жетіген елді мекендері мәдениет үйі, спорт кешені мен ауыз су жүйелеріне қатты зәру. Сондықтан, жергілікті әкімдік осы жобаларды тез арада дайындау тиіс. Қаланың қажеттілігі үшін қайтарылған жер телімдеріне қатысты шешімін таппаған мәселелер бар. Бас жоспарға сәйкес, Алатау қаласында 168 мектеп, 219 балабақша, 102 медициналық мекеме салынуы тиіс. Бұл — аймақтағы жоғары демографиялық өсімге және әлеуметтік инфрақұрылымға қажетті фактор», - дейді Әшімжан.
Сондықтан, депутаттың айтуынша, президенттің тапсырмасына сәйкес жергілікті әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселелерді тезірек жүзеге асыруы тиіс.
«Осыдан екі ай бұрын өңірлерді аралағанда арнайы барып, Мәслихат депутаттарымен, әкімдік қызметкерлерімен, ақсақалдармен, тұрғындармен, қоғам белсенділерімен кездестім. Бұл жаңашыл әрі қажетті Президенттің бастамасын қалың қауым зор ықыласпен күтіп отыр. Қаланың дамуы туралы айтқан президент өз Жолдауында бұл мәселеге Үкімет пен мемлекеттік органдардың назарын қайта аударды. Тіпті, өз тарапынан әлемдік Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан ірі компанияларды Alatau City жобасын тікелей жүзеге асыру бойынша келісімге келгенін мәлімдеді. Осыған байланысты, орталық мемлекеттік органдар тарапынан: Alatau City жобасын іске асыруға институционалдық қолдауды күшейту; Инвесторлар үшін қажетті жағдайларды толық қамтамасыз ету; Жоспарлардың орындалуын нақты бақылауға алу қажет деп санаймыз. Алатау қаласы Қазақстанның келешектегі заманауи келбетін танытанын, технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдайы жасалған әлемдік деңгейдегі технополис болуы тиіс», - деді Әшімжан.