Өңірлерде жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылып жатыр
Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау және қаржыландыру тетіктері жылдан-жылға жетілдіріліп жатыр. Үкімет, «Бәйтерек» холдингі және «Даму» қоры бірлесіп, шағын және орта бизнестің дамуына, ірі жобалардың іске асуына және әлеуметтік кәсіпкерлікті ілгерілетуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 31 шілдедегі дерекке сүйенсек, «Бәйтерек» холдингі кәсіпкерлерге жалпы 3,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Оның ішінде:
Банк өтімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Бәйтерек» холдингі, Экономика министрлігі, Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және Қаржы нарығын реттеу агенттігі бірлескен арнайы жобалық топ құрды. Нәтижесінде синдикатталған қаржыландыру тәсілі арқылы жалпы құны 9,1 трлн теңге болатын 19 ірі жоба мақұлданды.
Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау туралы хабардар болуын арттыру үшін «Бизнестің цифрлық картасы» атты онлайн-жоба іске қосылды. Онда 100-ден астам мемлекеттік қолдау түрі көрсетілген.
2025 жылы жаңа «Өрлеу» бағдарламасы бастау алды. Ол микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Басымдық – өңдеу өнеркәсібіне, көлік және қоймалау, туризм, білім беру, денсаулық сақтау салаларына беріледі. Бағдарлама аясында сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6%-дан аспайды, ал жалпы қаржыландыру көлемі 750 млрд теңге (оның ішінде 300 млрд – «Даму» қоры, 450 млрд – банктер қаржысы).
Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкерлер тікелей несие беруші банктерге жүгінеді. Қазіргі уақытта Freedom Bank, ЦентрКредит банкі, ForteBank және Halyk Bank-пен келісімдер жасалған. Бағдарлама іске қосылғалы бері 200 млрд теңгеге 394 жоба қаржыландырылды.
Сонымен қатар, 2025 жылдың сәуірінен бастап «Даму» қоры базасында Кепілдік беру қорлары жұмыс істей бастады. Бірінші қор – құны 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға, екінші қор – 7 млрд теңгеден асатын ірі инфрақұрылымдық жобаларға арналған. Бүгінде 9 банкпен келісім жасалып, қор іске қосылғаннан бері 540-тан астам жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде жобалардың 70%-дан астамы жаңа өндіріс ашу, жабдық сатып алу және құрылысқа бағытталған. Өңдеу өнеркәсібі берілген қарыздардың шамамен 33% құрайды. Сондай-ақ көлік-логистика, денсаулық сақтау және білім беру салаларына да жоғары сұраныс байқалды.
Үкімет пен даму институттары кәсіпкерлікке кешенді қолдау көрсетуді жалғастыруда. «Өрлеу» бағдарламасы мен кепілдік беру қоры сияқты қаржыландыру тетіктері бизнестің қаржыға қолжетімділігін арттырып, экономиканың әртараптануына және өңірлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашып отыр.