Іс-шараға ресейлік «Росатом» өкілдері де қатысты
Алматы облысының Үлкен ауылында еліміздегі алғашқы атом электр стансасының құрылысы ресми түрде басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Салтанатты шараға Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қатысып, сөз сөйледі.
«Бүгін біз ресейлік серіктесіміз – «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына бағытталған инженерлік-іздестіру жұмыстарын бастап отырмыз. Бұл кезең – жоба үшін аса маңызды, себебі ол болашақ станцияны орналастыруға ең қолайлы алаңды анықтап, кейінгі жобалау жұмыстары үшін қажетті инженерлік және геологиялық деректерді жинауға негіз болады», - дейді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, жобаға инвестицияның жалпы көлемі 14-15 миллиард долларға жуық сомманы құрайды. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар мен заманауи инфрақұрылымның құрылысына қосымша 1 млрд доллар бөлінбек.
«Жоба аясында біз қазақстандық кәсіпорындар мен зерттеу ұйымдарының белсенді қатысуына үлкен мән беріп отырмыз. Бұл жергілікті өндірісті жаңа деңгейге шығаруға, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға, ал ядролық ғылымды – жаһандық стандарттарға сай дамытуға мүмкіндік береді», - дейді агенттік төрағасы.
Естеріңізге салаайық, еліміздегі алғашқы атом электр стансасын ресейлік «Росатом» корпорациясы салады. Ал екінші және үшінші АЭС-тің құрылысына қытайлық компания тартылмақ.