Қазақстандағы салық реформасы: Мәжіліс депутаттарын не алаңдатады

Автор: Нұргүл Абай

Негізсіз салық жеңілдіктерін әлі де қысқарту қажет деп санайды олар

Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінің депутаттары әлеуметтік маңызы бар медициналық тауарлар мен қызметтер тізімін кеңейтіп, оларға салық жеңілдігін сақтау мәселесін қарастыруды ұсынып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, салық жеңілдіктерінің бір бөлігі қалғанымен, бағаның жалпы өсу тәуекелі сақталады.

«Әсіресе, депутаттар тарапынан алаңдаушылық тудырып отырған мәселенің бірі – мемлекеттік қаржыландырудан тыс көрсетілетін медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекке 10% мөлшерінде ҚҚС енгізу. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар медициналық тауарлар мен қызметтер тізімін кеңейтіп, соларға жеңілдіктерді сақтау мәселесін жан-жақты қарастыру қажет деп санаймын», - деді ол Мәжілісте өткен отырыста.

Депутат Салық кодексінің жобасында құрылыс компаниялары үшін ҚҚС бойынша жеңілдік алынып тасталатынын атап өтті.

«Бағаға әсер етпейді деген уәж айтылғанымен, іс жүзінде бағаның өсу және жоғары маржиналдылықтың сақталу тәуекелі бар. Сондықтан бұл бағытта мемлекеттік бақылауды күшейтіп, баға саясатының ашықтығын қамтамасыз ету аса маңызды. Негізгі мақсат – салық жүктемесін қарапайым тұтынушыға аударуға жол бермеу», - деді Савельева.

Тағы бір мәселе – жер қойнауын пайдалану саласындағы салық жеңілдіктері. Жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асады.

«Осы орайда жеңілдіктердің шектен тыс көптігі туралы сұрақ туындайды. Үкіметтің осы мәселеге қатысты позициясын тыңдадық. Алайда Парламент тарапынан бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, негізсіз берілген жеңілдіктерді қайта қарап, реттеу қажет деп есептеймін», - деді депутат.