Қазақстан үш қалада ЖЭО салу үшін Ресейден кредит алады

Автор: Нұргүл Абай

Жеңілдікпен қаржыландыру тетіктері де көзделген

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

«Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауына келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, келісімде жабдықтарды жобалау, дайындау және жеткізу, жаңа жылу электр орталықтарын салу және пайдалануға беру жөніндегі жұмыстар қарастырылған.

«Сонымен қатар қазақстандық тарапқа Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредитін беру, жеңілдікті қаржыландыру тетіктерін орындау шарттарын айқындайды», - дейді депутат.

Қазақстанда Ресей салатын жылу электр орталықтарының қуаты: Көкшетауда - 248 МВт, Семейде - 360 МВт, Өскеменде - 360 МВт.

Мәжілістің тиісті комитеті осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді.